Соңғы уақытта Instagram, TikTok және басқа әлеуметтік желілерде «арықтататын инъекциялар» кеңінен насихатталып жүр. «Бір укол – бірден арықтау», «ғажайып әдіс» деген уәделер мыңдаған адамды қызықтырып, бұл препараттарға сұранысты күрт арттырған.
Алайда медициналық тұрғыдан қарасақ, бұл инъекциялар қарапайым косметикалық құрал емес, күрделі емдік препараттар болып табылады.
Анкара оқыту және зерттеу ауруханасының эндокринология профессоры Мұстафа Алтайдың айтуынша, арықтататын инъекциялар бастапқыда 2-типті қант диабетін және семіздік диагнозы қойылған науқастарды емдеу үшін жасалған. Семіздік деп дене салмағының индексі 30-дан жоғары көрсеткіш есептеледі. Яғни бұл дәрілер «аздап арықтағым келеді» деген адамдарға арналмаған.
Бұл препараттар ағзадағы тәбетті төмендетіп, асқазанның босауын баяулатады, сол арқылы адам тез тояды және аз тамақтанады. Бірақ оларды қолдану үшін міндетті түрде дәрігерлік тексеру қажет. Бүйрек, бауыр, ұйқы безі, жүрек жағдайы, қалқанша без, тіпті тұқым қуалайтын аурулар да ескерілуі тиіс. Сондықтан «дәріханадан алып өзім еге саламын» деген ой өте қауіпті.
Инъекциялардың жанама әсерлері де бар. Олар жүрек айну, іш өту, өт қабы мен ұйқы безінің қабынуы, көздің көру қабілетінің төмендеуі сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе қант диабетімен ауыратын және бұрыннан көз ауруы бар науқастарда қауіп жоғары.
Ең қауіптісі - жалған препараттар. Кейбір заңсыз сатылатын «арықтататын инелердің» құрамында шын мәнінде инсулин болады. Ал диабеті жоқ адамға инсулин егу қан қантын күрт түсіріп, естен тануға, комаға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Адам арықтаймын деп жүріп, өміріне қауіп төндіреді.
Сондықтан мамандардың ортақ пікірі мынадай: арықтататын инъекциялар тек нақты медициналық көрсетілім бойынша және эндокринологтың бақылауымен ғана қолданылуы тиіс. Әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, өз бетімен ем қабылдау — өте үлкен қатер.
Денсаулық – тәжірибе жасайтын нәрсе емес. Салмақ мәселесі мазаласа, ең дұрыс жол – дәрігерге қаралып, қауіпсіз әрі ғылыми негізделген әдістерді таңдау.