Елордада «Отан қорғаушылар» монументі жанында Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті офицерлерінің салтанатты шығарылымы болды, деп хабарлайды El.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстан Қарулы күштері офицерлік корпусының қатарын 150 магистрант толықтырса, соның 22-сі болашақта Ұлттық ұланда қызмет атқарады.
– Бүгін Қарулы Күштер қатары Қазақстанның ең беделді әскери оқу орнында оқыған кәсіби дайындалған офицерлермен толықты. Офицерлер стандарттан тыс шешімдер қабылдайтын жоғары білікті мамандар ғана емес, сондай-ақ күрделі жауынгерлік міндеттерді орындауға, бағыныстыларды ертіп, олардың өмірін сақтап қалуға дайын, антына адал патриоттар болуға тиіс, - деді Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов түлектерге арнаған сөзінде.
Құқықтық тәртіп әскерлерінің 22 әскери қызметшісі «Ұлттық ұландағы менеджмент» білім беру бағдарламасы аясында төрт біліктілік бойынша оқытудан өтті: «ҰҰ жедел-тактикалық басқармасы», «Азаматтық қорғаныстың жедел-тактикалық басқармасы», «ҰҰ тәрбие және идеологиялық жұмысын ұйымдастыру» және «ҰҰ техникалық қамтамасыз етуді басқару».
Айта кетейік, Ұлттық ұлан факультетінің түлегі, майор Мақсат Мұқаев оқу барысында осы ЖОО-ның барлық түлектерінің арасында ең көп балл жинаған. Алдағы уақытта түлектер алған білімдерін Ұлттық ұланның әскери бөлімдері мен өңірлік қолбасшылықтарында іс жүзінде қолданатын болады.