Қазіргі кезде артық салмағы бар адамдар санының көбеюі – жаһандық мәселе. Бұл тенденция көптеген елдерде байқалады, оның ішінде Қазақстан да бар. Хирург, проктолог Нұрбол Бақыткерей осы тақырыпты тереңнен зерттеп жүрген дәрігерлердің бірі. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі дәрігермен тілдесіп, артық салмаққа қатысты бірқатар сұраққа жауап алды.
El.kz: Артық салмақтың негізгі себептері қандай? Ол генетика, өмір салты немесе қоршаған орта факторларына байланысты ма?
Нұрбол Бақыткерей: Артық салмақтың пайда болуына бірнеше факторлар әсер етеді, және олардың ішінде генетика, өмір салты және қоршаған орта маңызды рөл атқарады.
Генетикалық факторлар дененің майды қалай сақтайтынын, метаболизм жылдамдығын және тағамға деген тәбетті басқаратын гендер арқылы әсер етуі мүмкін. Егер отбасында артық салмағы бар адамдар көп болса, бұл оның ықтималдығын арттырады.
Өмір салтының үлесі өте үлкен. Жаттығу деңгейінің төмен болуы, жоғары калориялы тағамдарды жиі тұтыну, ұйқының жеткіліксіздігі және стресс артық салмақ жинауға ықпал етеді. Сондай-ақ, ұзақ уақыт отырғыш өмір салты мен физикалық белсенділіктің аздығы метаболизмді баяулатып, артық салмаққа әкелуі мүмкін.
Қоршаған орта факторлары да маңызды рөл ойнайды. Жақын маңда пайдалы және қолжетімді тағамдардың болмауы, тұрақты жұмыс кестесі, әлеуметтік қысым және тамақтану әдеттерін қалыптастыратын мәдени нормалар адамның салмағына әсер етеді.
Көп жағдайда бұл факторлар бір-бірімен тығыз байланысты. Генетикалық бейімділік болса да, дұрыс тамақтану және белсенді өмір салты арқылы салмақты бақылауға мүмкіндік бар.
El.kz: Артық салмақтың таралу деңгейі соңғы жылдары қалай өзгерді?
Нұрбол Бақыткерей: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы мәліметі бойынша әлемдегі ересек адамдардың 2.5 млдр-ы артық салмақтан зардап шегеді, олардың 890 миллионы семіздікке шалдыққан. Бұл дегеніміз барлық ересек адамдардың 43%-ы артық салмақты, 16%-ы семіздікке шалдыққан деген сөз. 5 жасқа дейінгі 37 миллион баланың салмағында ауытқушылық бар.
Қазақ тамақтану академиясы жүргізген зерттеулер көрсеткендей ересек адамдарың арасында артық салмағының таралуы әйелдерде 29,7 %, ерлерде 33,9 % құрады. Семіздіктің таралуы әйелдерде 25,8%, ерлерде 15,3% құрады. Бұл Қазақстанның ересек тұрғындарының жартысынан астамы (әйелдердің 55.5% және ерлердің 49.2%) артық салмақтан немесе семіздіктен зардап шегетінін көрсетеді.
El.kz: Қай жас немесе әлеуметтік топтар артық салмаққа көбірек бейім?
Нұрбол Бақыткерей: Әртүрлі жастағы әлеуметтік топтар артық салмақ немесе семіздікпен зардап шегеді. Соның ішінде әлемде 5-19 жас аралығындағы 390 миллионнан астам балалар мен жасөспірімдер артық салмақты, оның ішінде 160 миллионы семіздікке шалдыққан.
El.kz: Артық салмақ пен созылмалы аурулар (мысалы, диабет, жүрек аурулары) арасындағы байланыс қандай?
Нұрбол Бақыткерей: Бастапқыда артық салмақ денсаулыққа айтарлықтай әсер етпеуі мүмкін немесе сізге сырттай белгі бермейді. Десе де артық салмақтың ұзақ мерзімді қауіпті салдары жетіп артылады. Негізгі салдары мыналар:
Гипертония немесе жоғары қан қысымы. Яғни артық салмақтың әрбір клеткасына қанды жеткізу үшін жүрекке қосымша жүктеме түсіреді. Бұл қан қысымының жоғарылауына әкеледі.
Артық салмақ қан тамырларындағы холестерин деңгейін жоғарылатады, бұл өз кезегінде қан тамырлар қабатының қатаюына алып келеді. Қатайған тамырлар түтікшелері тарылып, инфаркт пен инсульттың себебі болады.
Артық салмақты немесе семіз адамдардың қан құрамындағы қант мөлшері үнемі жоғары болады. Нәтижесінде ағзамызда инсулинге деген төзімділікке әкеледі. Бұл қандағы қант деңгейінің жоғарылауына және диабеттің дамуына себеп болады.
Семіздік кейбір қатерлі ісік түрлерінің, соның ішінде тоқ ішек, сүт безі, бауыр, ұйқы безі және бүйрек ісіктерінің даму қаупін арттырады.
Артық салмақ тыныс алу жолдарына қысым түсіріп, ұйқы кезінде тыныстың уақытша тоқтауына әкелуі мүмкін. Семіздік тыныс алудың қиындауына және өкпе функциясының нашарлауына ықпал етеді.
Артық салмақты адамның қандағы глюкоз денгейі жоғарлайды. Ағзамыздың реттеуші механизмі бойынша артық глюкозды майға айналдырып бауырға жинайды. Бұл бауырдың қызметін бұзады.
Артық салмақтың әлеуметтік стигмасы өзін-өзі төмен бағалауға және психологиялық мәселелерге әкелуі мүмкін.
Қоғамдық пікір семіздікті жағымсыз қабылдай отырып, адамның психоэмоционалдық жағдайына әсер етуі мүмкін.
El.kz: Психологиялық денсаулық пен артық салмақ арасында қандай байланыс бар?
Нұрбол Бақыткерей: Көп адамдар стресс, мазасыздық немесе депрессия кезінде өзін жайлы сезіну үшін артық тамақтануға бейім. Бұл әсіресе калориясы жоғары, қант пен майға бай тағамдарды тұтыну арқылы жүзеге асады. Өз кезегінде осындай жоғары өңделген тағамдар артық салмақ, семіздікке алып келеді. Екіншіден артық салмақтан зардап шегетін адамдар әлеуметтік стигманың немесе өзін-өзі сынға алудың нәтижесінде өздеріне сенімсіздік сезінуі мүмкін. Бұл эмоцияларды жеңу үшін артық тамақтануға әкелуі ықтимал.
El.kz: Артық салмақтың алдын алуға бағытталған ең тиімді стратегиялар қандай?
Нұрбол Бақыткерей: Артық салмақтан алдын алу үшін біз дене салмақ индексі деген ұғымды түсінуіміз керек. Медицинада артық салмақты дене салмағының индексі (ДСИ) арқылы анықтайды. Дене салмағының индексін есептеу үшін адамның салмағын (кг) бойының биіктігінің квадратына (м²) бөледі. Формула келесідей:
ДСИ = дене салмағы (кг) ÷ бой биіктігі (м²)
ДСИ нәтижесі мынадай категорияларға бөлінеді:
ДСИ неғұрлым жоғары болса, денсаулыққа қатысты қосымша мәселелердің туындау қаупі соғұрлым жоғары болады.
El.kz: Қазіргі замандағы диеталар мен фитнес бағдарламаларының қаншалықты тиімді екенін зерттегенсіз бе?
Нұрбол Бақыткерей: Диетаның түрі көп. Бірақ ескеретін кейбір жайттарды баяндай кетейін. Біріншіден біздің жеген тағамымыз ақуыз, май, көмірсулар және дәрумендерден құралады. Қандай диета ұстансаңыз да тағамыңыздың құрамында осылардың барлығы болу шарт. Ал осылардың бірі болмаса ол қанағаттанарлық диета емес. Тағамның құрамындағы әрбір бөлігін шектеу келесі бір мәселенің туындауына алып келеді. Сол себепті тағамның құрамдас бөлігін шектемейтін диеталарды таңдағаныңыз абзал.
El.kz: Салмақты азайтуға бағытталған хирургиялық әдістер мен дәрілік препараттардың тиімділігі мен қауіптері қандай?
Нұрбол Бақыткерей: Медицинада салмақты азайту бағытталған хирургияны бариатриялық хирургия дейді. Асқазанды шунттау, асқазанды жартылай кесу, асқазанның ішіне баллон салу сияқты хирургиялық әдістер бар. Бұл әдістер әдетте семіздіктің ауыр түрлерінде яғни дене салмағы индексі (ДСИ) 40 немесе одан жоғары болған жағдайда жасайды. Хирургиялық әдістерді салмақты азайтудың ең соңғы жолы екенін ұмытпаңыздар. Және де оның пайдалы салдарынан бөлек келеңсіз салдары бар екенін ескерген жөн.
Салмақты азайтуға арналған дәрілер көбінесе тәбетті төмендетуге, май сіңірілуін тежеуге немесе метаболизмді жеделдетуге бағытталған болады. Осы дәрілерді диетамен үйлестірген абзал.
El.kz: Балалар арасында артық салмақтың алдын алу үшін қандай шараларды ұсынар едіңіз?
Нұрбол Бақыткерей: Балалар арасында артық салмақтың таралуы жоғары екенін және бұл келешектегі үлкен проблема екенін жоғары да баяндадық. Оның алдын алу кешенді және ұзақ мерзімді тәсілді талап етеді. Бірінші кезек балаға дұрыс тамақтану, белсенді өмір салты және денсаулыққа дұрыс көзқарас қалыптастыру маңызды.
Көкөністер, жемістер, дәнді дақылдар, ақуыздар және пайдалы майларға бай теңгерімді мәзірді үй жағдайында жасау керек. Сырттан тамақтануды азайтқан дұрыс. Қант пен тұзы жоғары тағамдар, газдалған сусындар мен фастфудты тұтынуды шектеген абзал. Ата-аналар дұрыс тамақтану бойынша балаларға үлгі болу керек. Теледидар, планшет, смартфон алдында өткізетін уақытты күніне 2 сағаттан аспайтындай шектеудің маңызы бар. Ол баланың көбірек ойнауына септігін тигізеді. Яғни қимыл-қозғалыстың көптігі де артық салмақтан сақтандырады.
El.kz: Сіздің ойыңызша, артық салмақ мәселесін шешу үшін жеке адамдардың, мамандардың және қоғамның рөлі қандай?
Нұрбол Бақыткерей: Соңғы 8 жыл бойы осы саланы зерттеп жүрмін. Осы салада қант диабетінің аяққа байланысты асқынуы жайлы кітап жаздым. Хирургия саласында кездесетін негізгі аурулардың хирургиялық шешімдері бар. Ал сол хирургиялық негізгі ауруларға қосымша артық салмақ, семіздік, қант диабеті болса жағдай ауырлайды. Қосымша мәселелер туындатады. Сол себепті хирург маманынан тыс диетолог маманы болып кеттік. Менің білімім 10 не 100 адамға көмектесуі мүмкін. Ал қоғамға ше? Артық салмақ - қоғамдық дерт. Сол себепті мемлекеттен қоғамға бағытталған іс шаралар жүргізу әлдеқайда тиімді. Артық салмақ немесе семіздіктің салдарымен күресу үшін көп қаражат жұмсалады. Біз көбінесе осы салдарымен күресеміз. Қоғам болып салдарымен емес себептерімен күрессек миллиондаған жастарымызды артық салмақ, семіздік, жоғарғы қан қысымы, қант диабеті секілді салдары ауыр созылмалы аурулардан алдын алуға болады.