Қарттар үйіндегі қилы тағдырлар

28 Ақпан 2022, 12:12 6358

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнындағы бір күн

Бүгінде қазақ «қазынам» деп әспеттеген қариялар қара басы қауқайып бөтен босағаны паналап жүр. Олардың кейбірінен балалары мен туыстары теріс айналған. Енді біреулері тағдырдың тәлкегімен жақындарынан айырылып, қараусыз,  жалғыз қалған жандар.  Осы орайда біз елордамыздағы қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесіндегі қамкөңіл күй кешкен қарттармен тілдесіп қайтқан едік.


«Шарапат» қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемесі қарттар мен І, ІІ топтағы мүгедек жандарға арналған коммуналдық мемлекеттік мекеме болып саналды. 1989 жылы наурыз айында ашылған мекеме алғашында Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен Еңбек ардагерлеріне арналған орталық болған.


(Директордың әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Ардақ Бейсенбайқызы)

– Уақыт өте келе Ұлы Отан соғысы ардагерлері өмірден өте бастағаннан кейін, біздің қоғамда жалғызбасты қариялардың саны көбейді. Бұл мекеме өзінің тарихында 13 рет атауын өзгертті. 2020 жылға дейін тек қана стационар жағдайында қызметтер көрсетілсе, 2020 жылдан бастап бұл мекеменің үй жағдайында көрсетілетін әлеуметтік қызметтер де көрсетіледі. Ең соңғы өзгеріс екі жыл бұрын Коммуналдық қазыналдық кәсіпорын болып ауысты. Бүгінгі күні мекемеде стационар жағдайында 305 адам тұрып жатыр. Олардың 182-сі зейнет жасына жеткен жандар. Ал қалғаны І, ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар. Жас аралығына келер болсақ мекеменің ең жас тұрғыны – 1988 жылғы жігіт. Ең егдесі – 97 жаста. Ол Ұлы Отан соғысы ардагері – Сафончева Раиса Егоровна деген әжеміз, – дейді әлеуметтік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Ардақ Бейсенбайқызы.





Мекемедегі қарттар мен қиын жағдайға тап болған адамдарға 286 қызметкер көмек көрсетеді. Олардың қатарында әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, жаттықтырушылар, дәрігерлер мен санитарлар бар.

Мекеме қызметінің басым бағыты – орталықта тұратын адамдардың қажеттілігін толық қамтамасыз ету, арнаулы әлеуметтік қызметтің сапасын жақсарту және қызмет алушылардың әлеуметтік бейімделуін арттыру болып табылады. Мұнда қарттар толық немесе жартылай қозғалу және өзіне қызмет көрсету қабілетінен айырылғандардың  тұрақты және уақытша тұруы  үшін 400 орын бар. Сондай-ақ қиын жағдайға тап болған адамдар тұрады.



– Біз мекемедегілерді кіші ассамблея деп айтамыз. Себебі бұл жерде 11 ұлт өкілі тұрады. Ұлты Эвен деп аталатын адам жақын күндері мекемеге орналасты. Барлығы бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Біздің мекемеде 60-қа жуық адамға ақылы қызмет көрсетіледі. Айына 77 мың теңге төлеп тұрады. Ол кісілердің бала-шағасы бар. Қазақстан Республикасының аумағында тұратын жандар. Бірақ өздерінің қалауы бойынша, отбасындағы жағдайларына орай 6 айға бізге келісім шарт бойынша қабылданады. 6 айдан кейін ол жандардың уақытын ары қарай созып, тұруға мүмкіндіктері бар, –дейді әлеуметтік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары Ардақ Бейсенбайқызы.




«Шарапат» мемлекеттік мекемесінде 7 қызмет түрі көрсетіледі. Оның біріншісі – әлеуметтік тұрмыстық. Бұл мекемеде бір бөлмеде екі адам тұрады. Әр бөлмеде жеке-жеке тамақтанатын жері, жуынатын орны қажетті жабдықтарының барлығы бар. Екіншісі – әлеуметтік медициналық қызмет түрі. Мекеменің үшінші қабаты кішігірім емхана. Онда қарттар мен мүгедектерге арналған барлық ем-шара түрлері жүргізіледі. Үшінші – әлеуметтік еңбек терапиясы. Еңбек терапиясы 7 бағытта жұмыс істейді. Ол мекеме тұрғындарының қарттардың төрт қабырғада бос отырып қалмас үшін, саусақтарының моторикасы дұрыс жұмыс атқаруы үшін, инсульт алған жағдайда қалпына келтіруге бағытталған. Қарттардың бірі тоқыма тоқыса, екіншісі тігін тігеді. Құс терапиясы да бар. Мекеменің сыртында жылыжайлар жұмыс істейді. Төртінші қызмет түрі – әлеуметтік психологиялық терапия. Тағдырдың тәлкегімен түрлі жағдайға тап болған адамдарға психологтар көмек көрсетеді. Сонымен қатар әлеуметтік мәдени шаралар жүргізіледі.

– Мекемеде мәдени организатор, музыкалық қызметкерлер мен хор бар. Хормен қаладағы концерттерге шығамыз. Жақын аумақтағы балалар үйіне барамыз, – әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Сауле Қазбекқызы.

Келесі бағыт – әлеуметтік экономикалық. Ол мекемеге келіп түскен жандардың құжаттарымен, зейнетақы алуға көмек көрсетуге бағытталған. Ең соңғысы әлеуметтік құқықтық бағыт болып табылады. Ол қарттардың кейбіреулерінің жылжымайтын мүлігі бар. Сол мүліктерді заңдастыру бағыттында көмек көрсетіледі.





– Мекемеде жұмыс істегеніме 7 жыл болды. Бұл орталықта еңбек жолымды заңгер болып бастағанмын. Заңгерлік тәжірибиемде өзінің перзентін сотқа беріп, алимент алған жағдайлар болды. Біз қарт ата-анасына қарамай кеткен баланы сотқа беріп, соттан жеңіп шыққан жағдайлар болған, – дейді Ардақ Бейсенбайқызы.

Мекеме кішігірім қалашыққа ұқсайды. Бұл жерде өзінің буфеті, шаштаразы мен дәстүрлер үйі бар. Мұсылман жандарына намазхана, басқа дін өкілдеріне шіркеу бар.

– Біз мұндағы тұрғындарды соңғы өмірлік сапарына дейін шығарып саламыз. Яғни жерлеу рәсімдері де осы жерден өтеді. Мемлекеттің тарапынан тұратын адамдарды ардақтап арулап шығарып саламыз. Олар өздерінің өмірінің соңында өтініштерін айтады. Жерлеу рәсімдерін өткізіп, бейіттердің басын тазалап, құран бағыштаймыз, – дейді Ардақ Бейсенбайқызы.

Балаларыммен араласпаймын...

Дулат Көптілеудің «Шарапат» орталығына келгеніне 2 жылдай уақыт болған. Өзі алпыс тоғыз жаста. Зейнетке шыққанға дейін Қорғалжын ауылында инжинер құрылысшы болып жұмыс істеген.


– Екі жоғарғы білімім бар. Еңбек кітапшам өртеніп кетіп, зейнетке 2 жыл кешігіп шықтым. Содан инсульт алып, осы мекемеге орналастым. Қол-аяғым істемей қалды. Мен үшін мұндағы медицина қызметкерлерінің көмегі үлкен. Уақытында дәрі-дәрмегімді беріп, қан қысымымды өлшеп отырады. Ең төменгі жалақымен зейнетке шығып едім, енді еңбек кітапшамды мекеменің заңгерлері мен қызметкерлері қалпына келтіріп, зейнетақым да көтерілді, –дейді Дулат атай.

Отбасы туралы сұрағанымызда басында ашылып ештеңе демеді. Кейін жолдасымен ертеректе ажырасып кеткенін айтты. Балалары да , немерелері де бар екен.

– Отбасыммен араласпаймын. Жолдасым да, балаларым да бар. Олармен туыстарым мен қарындастарым араласып тұрады. Немерем де бар. Тек телефоннан туыстарым суреттерін жібереді, – деп көзіне жас алды.

Дулат атай бүгінде мекеменің мәдени тұрмыстық коммисияның мүшесі. Бастауыш ардагерлер бөлімінің басшысы.

Маған қарттар үйі ұнайды

Пономаренко Вера Ивановна 1938 жылы Ресейде қарапайым шаруалар отабасында дүниеге келген. Әкесі 1941 жылы соғыста қайтыс болған.



– Отбасымызда 7 бала болдық. Анамыз барлығымызды аяқтан тұрғызды. Бір өзіне қиын болды. Мектеп аяқтағаннан кейін ағам Украинаға шахтаға жұмысқа орналасты. Мен өзімді бірге алып кетуін сұрадым. Мен жер астында 2 жыл шахтер болып жұмыс жасадым. Жұмысымды жақсы көрдім. Зауытта жұмыс істеп, дәнекерлеуші мамандығы бойынша оқуға түстім. 25 жыл дәнекерлеуші (сварщик) болып жұмыс жасадым. 10 жыл әр түрлі жұмыста істедім. Қазақстанда 50 жылдан бері тұрамын. Отбасым болды. Екі балам бар. Күйеуі қайтыс болғалы біршама уақыт өтті. Мен зейнеттемін. Осы үйге келуіме тура келді. Балаларым басқа мемлекетте тұрады. Ұлым – Ресейде, қызым – Украинада. Қарттар үйі маған ұнайды. Мұнда жылы, барлық қажетті жағдайлар жасалған , – деп алғысын білдірді.


(Әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Сәуле Қазбекқызы )

Әлеуметтік істер жөніндегі қызметкер Сәуле Қазбекованы да әңгімеге тарттық.

– Мен әлеуметтік саланы оқып бітірдім. Өзім таңдаған мамандық. Жұмысымды жақсы көремін. Мекемеде әр әлеуметтік қызметкерге 50 адамнан бекітілген. Олардың кураторы сияқты қадағалаймыз. Еңбек терапиясына тартамыз. Қыста қар күрейді. Жазда әрқайсысы өз учаскесінде қияр, қызанақ өсіреді. Спорттық шаралармен шұғылданамыз. Театрлар мен музейлерге де барамыз. Құс терапиясы бар. Саша деген қария құс өсіреді. Кептердің 19 түрі бар. Жарыстар, концерттер болады. Жалпы қызмет алушылардың қызығушылығына қарай жұмыс істейміз. Дәрігерге жолдама алып береміз. Мүгедектігі бар жандарға портал бойынша коляска, жөргек алып береміз. Аптасына екі рет бассейн, бір рет моншаға апарамыз. Кітапханамыз да бар. Жалпы қызмет алушыларға барлық жағдайлар жасалған,– дейді әлеуметтік жұмыс жөніндегі маман Сәуле Қазбекқызы.




– «Шарапат» орталығында 3 жыл, 3 айдан бері жұмыс істеп келемін. Психологтың жұмысы қиын. Дәрігерлер адамның тәнін емдесе, психологтар жанын емдейді. Сондықтан біз әр келген адамның көңіл-күйін аулау, жағдайын жасау, кіммен тұруға болады, денсаулығын барлығын ескеріп отыруымыз керек. Әр түрлі адамдар бар. Мұнда тұратын қарт адамдар. Өмірдің тәлкегін көрген жандар. Осында тағдыр айдап келіп тұрып жатыр. Бұл мекеме олардың үйі, осы жерде тұрады, өмір сүреді, жағдайларын жасайды. Сол адамдардың кейбір адамдармен жанжал болмауын жіті бақылап отырамыз. Күнделікті сөйлесу, әңгімелесу, жағдайларын қарау, көңіл-күйлерін бақылау біздің міндемітімізге кіреді. Тұлғааралық қатынас өту үшін арнайы тренингтер өткіземіз. Жоспарлы түрде жеке жұмыс жүргіземіз.

Қарттарымыз күннен күнге қартайып барады. Біріне тамақтың дәмі жақпауы мүмкін. Адам қартайған сайын бала сияқты болады. Сондықтан көңілдерін табуға тырысамыз. Арнайы кабинеттеріміз бар. Жабдықталған сенсорлық бөлме, құм терапиясы бар. Аяқ қолдары құрыспау үшін күнделікті жұмыс жүргізіледі. Ең бастысы бұл бізге – сауапты іс, – дейді психолог Темірғали Мақсұтұлы.

Түйін. Қарты бар үйдің – қазынасы бар. Қарияларымыздың қатары күннен күнге сиреп барады. Сондықтан қарттарымызды барында қадірлеп өтейік!


Акжан Ибрагимова
Бөлісу: