Artsport жобасының қаржысын жымқырған 4 адам сотталған

20 Шілде 2023, 16:00 1055

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2022 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамасында 2021-2022 жылдары іске асырылған «Artsport» жобасының жемқорлық фактілері туралы мәліметтер келтірілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Үйірмелер мен секцияларды мемлекеттен қаржыландыру жолымен бұқаралық балалар спорты мен шығармашылығын дамытуға бағытталған «Artsport» жобасы шеңберінде анықталған сыбайлас жемқорлық схемалары қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Жан басына шаққандағы қаржыландыруға шамамен 43 млрд теңге бөлінді (2021 жылы – 5,8 млрд теңге, 2022 жылы – 37 млрд теңге). Бағдарлама іске асырылған қысқа мерзімнің ішінде 11 адамға қатысты 19 қылмыстық іс тіркелді. 6 адамның ісі сотқа беріліп, оның 4-еуі сотталды», - деп жазады агенттік мамандары.

Агенттік мәліметі бойынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бағдарламаға бөлінген қаражатты игерудің барлық кезеңінде анықталған.

«Бюджеттің мерзімінен бұрын игерілуіне байланысты жоба екі рет тоқтап қалды.

Сондай-ақ «ArtSport» электрондық платформасында құжаттарды беру және сабаққа қатысуды есепке алуды цифрландырудың жеткіліксіздігі анықталды. Жүйенің шалағайлығы «өмірде жоқ» жандарды енгізуге мүмкіндік берді», - деп жазылған ұлттық баяндамада.

Равиль Ашығали
Бөлісу: