Арт-терапиялық емнің ерекшеліктері

21 Шілде 2020, 16:41 19962

Өнермен емдеу, шығармашылық терапиясы туралы арт-терапевт, психолог Лимана Қойшиевамен сұхбат

Арт-терапия – терапевтік, оңалту мен түзету жұмыстарын қамтитын психотерапияның негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінде кеңінен таралған шығармашылық терапиясы, оның денсаулыққа әсері мен ерекшеліктері туралы Қазақстан Психологтар лигасының мүшесі, «Рухани қоғам әлемі» ҚҚ президенті, арт-терапевт, психолог Қойшиева Лимана Құттыбекқызымен әңгімелескен болатынбыз. 


Арт-терапияның денсаулыққа әсері

Шығармашылық терапия әдісін бүгінгі таңда көптеген психологтар негізгі немесе көмекші әдіс ретінде өз салаларында қолданып келеді. Жалпы арт-терапия науқас адамның психо-эмоционалдық халін шығармашылық арқылы емдеу болып табылады. Бұл терминнің авторы британдық суретші – Адриан Хилл. Арт-терапия ағылшын тілінен аударғанда «шығармашылық терапия» деген ұғымды білдіреді. Адриан Хилл арт-терапияны 1938 жылы туберкулез дертіне шалдыққандарға қолданған. Қазіргі таңда әлемде арт-терапияның түрлері үлкен жетістіктерге ие.

– Арт-терапия дегеніміз – өнермен емдеу. Арт – өнер, терапия – ем жүргізу деген сөз. Бұрынғы Кеңес үкіметі кезінде арт-терапияны көпшілігінде созылмалы дертпен ауыратын, (сары ауру, өкпе, туберкулез) және тыныс алу жолдары (бронхы), аллергиямен, астмамен ауыратын адамдар, маскүнемдік және ұзақ емделетін наркологиялық аурулар мен құмар ойындарға тәуелділікке ұшыраған адамдарды осы терапиямен емдеген. Мысалы, бұл терапия барысында теңіз жағалауында отырып, түрлі-түсті бояулармен шимайлай сурет салатын болған. Ондағы түстер арқылы адамның жадындағы ақпараттарды, реніші мен өкпесі, жүрегінде қалған ішкі психоэмоционалдық жағдайлар, қорқыныш немесе үрейді анықтауы мүмкін. Және де кейбір адамдар бейсаналы тұрғыда жан дүниесіндегі, ешкім білмейтін жағдайларды жасырып, сол ренішпен дүниеден өтіп кетіп жатады. Осындай нәрселерді ешкімге айтудың да, бөлісудің де қажеті жоқ. Арт-терапияның бір кереметі сурет салу барысында адам жадындағы ақпараттарды қағазға түсіруі. Бұл терапияның ерекшелігі осында. Адамның денсаулығына әсері кез келген адамның созылмалы түрде психологиялық психосоматикалық дерттің барлығына жақсы әсер етеді, – деді психолог Лимана Құттыбекқызы. 


(Суретте: Арт-терапевт, психолог Лимана Қойшиева)

Арт-терапия бұл тек емдеу ғана емес, ол тұлғаның дамуы мен үйлесімділігі және кез келген жағдайды шешуге көмек. Сонымен қатар бейнелік өнер арқылы емдеудің табиғи әрі қолайлы әдісі болып табылады. Арт-терапия шектеусіз. Ол психотерапияның барлық бағыттарында, педагогикада, әлеуметтік жұмыс пен тағы да өзге салаларда да қолданылады. Әр адам өзін, өзінің сезімі мен ішкі жағдайын шығармашылық арқылы көрсете алады.

Шығармашылық терапияның мүмкіндіктері

Шығармашылық терапия адамның санадан тыс процестерін (қорқыныш, түс көру, ішкі қарама-қайшылықтар, балалық шақтағы елестер) және адамның ішкі күйін ашуға көмектеседі. 


– Мен осыдан бірнеше жыл бұрын бір семинарға қатысу барысында суретші, арт-терапевтпен таныстым. Сол жерде бұл кісі арт-терапия туралы қосымша айтып өтті. Оның методикасын берді. Содан кейін елең етерліктей қызығушылығым туды. Оның үстіне бұл терапияның көмегі болғандығын айтқандар да болды. Психолог ретінде маған да арт-терапия туралы толыққанды меңгеруге кеңес берді. Мен арт-терапевт, суретші Бахытбек Талқанбаев ағаның телефонын алып, үйіне барып, біршама уақыт ол кісінің күнделікті дәрісін тыңдап, суреттерді салып, шығармашылық емдеу терапиясын меңгере бастадым. Сондағы бір көргенім, қатты таңырқағаным ұзақ жылдар бойы нашақор болған жігіттің суреті болды. Оның суретін шет елдіктер 15 мың еуроға сатып алғанын және де өзінің бірнеше картиналарын сатқанын көрсетті. Яғни нашақорлықтан арылуға арт-терапияның үлкен әсері болғанына сол кезде көз жеткіздім, – деді психолог маман.

Психолог Лимана Қойшиева 1998 жылдан бері психология саласымен айналысып келеді. Маман өз саласында нақты жұмыс жасау барысында көптеген адамдарға психологиялық көмегін тигізгенін жеткізді. Мәдениет және діндер орталығына ғылыми қызметкер ретінде жұмыс істеп жүріп те дәстүрлі емес діни ағымдар туралы ғылыми тұрғыда бірнеше жыл дәріс оқып, тәжірибе жүзінде үлкен ғылыми монография жазып шыққан. Одан кейін Дағдарыс орталығын басқарып, зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға талай жылдар бойы кеңес берген. Карантин барысында психолог түрлі тақырыптарда тегін онлайн тренингтер мен сауықтыру курстарын жүргізіп, адамдарға көмегін тигізіп келеді. 


– Суретші, арт-терапевт Бахытбек Талханбаев Түркістан облысының Төле би ауданы Қазығұрт маңындағы шипажайларда жыл сайын көктем және күз айларында арт-терапиядан курс өткізеді. Емдік терапия 14-15 күнге дейін созылады. Менің жүргізіп жатқан арт-терапиям – осы Бахытбек Талханбаевтың методикасы. Бұл методиканың ерекшелігі – бұл жерде нақты бір суретті көшіріп жазуға болмайды. Бастапқы кезде не саламын деп қосу, азайту, үшбұрыш, төртбұрыш секілді суреттерді салып бастап, кейін адамның өзі соған кіріп кеткенін байқамай қалады. Мысалы біз терапияға кіре алмапсың деп айтып жатамыз. Бұл суреттер боялғаннан кейін біз оны оқимыз, диагностика қоямыз. Ерекшелігі – ұзындығы – 28, ені 7-7-ден 12 кесте болады. Сол 12 кестенің ішіне толығымен сурет сала бастайды. Ол міндетті түрде гель қаламмен салынады. Гель қалам адамның санадағы, жадында сақталған ақпараттарды сол бейсаналы түрде бояу арқылы, сызбалар сызу арқылы соның ақпараттарды сыртқа ақтара бастайды. Менің психолог маман ретінде бұл терапияны зерттеп өзім осы терапияға кіру арқылы диагностиканы дұрыс қойып, дұрыс айту арқылы көпшіліктің қызығушылығы оянды деп ойлаймын. Өйткені жай ғана сурет сала отырып, сіз өзіңіз үшін өзіңіздің жаныңызды емдеуге пайдалануымызға болады, – психолог Лимана Қойшиева. 


Сонымен қатар психолог арт-терапия курсын жүргізу барысында ұйқысыздық, мазасыздық, жолдасымен қарым-қатынасын реттеу тағы да өзге мәселелер сурет салу барысында реттеліп жататындығы жөнінде айтты. Арт- терапияда адам сурет салу арқылы түстерді таңдау да адамның көзқарасына және санасына үлкен әсері болатындығын жеткізді.

– Арт-терапияның басқа терапиядан тағы да бір ерекшелігі – мандала терапиясы. Мандала ол әлемнің немесе біздің ішкі әлеміміздің шеңбер түріндегі символдық бейнесі. Психотерапияда мандаланы салудың, сызу немесе бояудың ешқандай қатып қалған ережесі жоқ. Сонымен бірге балаларға арналған бояуға арналған дайын суреттер де адамның психологиялық жағдайын жақсартуға әсерін береді. Мамандар осы тұрғыда адамдарға кеңес және бағыт-бағдар береді, – дейді психолог.

Шығармашылық терапияның дамуы

Алғашқы кезде өнермен емдеу тек сырқат адамдарға, демалыс үйіндегі емделушілерге қолданылатын еді. Арт- терапия бойынша қазіргі зерттеулерді талдау бұл әдістік емдік мақсатта қолдануға болатынын дәлелдеуді қарастыруға мүмкіндік береді. Біріншіден, әлеуметтік қолайлы түрде агрессивті сезімдердің көрінуі үшін мүмкіндік береді. Сурет салу жапсырма немесе бояулармен жұмыс қысымды қауіпсіз шешу тәсілдері болып табылады. Екіншіден, терапиядағы процессті үдетеді. 


Бейсаналы қақтығыстар және мазасызданулар вербалды психотерапиядағы сөйлеуге қарағанда, көру бейнелері көмегімен жеңіл көрінеді. Терапия процесінде диагностикалық жұмыстарға негіз болады. Шығармашылық өнімді науқас теріске шығара алмайды. Шығармашылық жұмыс стилі терапевтке көптеген мәлімет береді. Және өз өнімін өңдеуге автор елеулі үлес қосады.Сонымен қатар жойылмайды деген сезімдер мен ойлармен жұмыс жасауға мүмкіндік беріледі. Кейде вербалды емес құрал интенсивті сезімдер мен сенімдерді анықтайтын және түсіндіретін жалғыз құрал болады.

– Арт-терапия енді жақсы дамып келе жатыр. Бізде соңғы уақыттарда әкімшілік тарапынан да үлкен конкурстар жарияланып жатыр. Сол арқылы баладағы, отбасындағы кейкілжіңдер мен зорлық-зомбылықтарды психологтар баланың сурет салуы арқылы көріп, анықтап отырады. Кішкентай балалар мен жасөспірімдер көбіне өзінің қандай қиыншылыққа ұшырап жатқанын айтпайды. Ал арт-терапия арқылы олардың ішкі дүниесін, үйінде болып жатқан жағдайлар мен қоршаған ортасында болып жатқан дүниелерді көруге болады, – деді психолог.

Қатысушыларды қандай сұрақ мазалайды?

Арт-терапияның тұлғааралық қатынасты түзетуге бағытталған түрі де бар. Бұл туралы бізге отбасылық арт-терапия координаторының да пікірін білдік.

– Алғашқыда өзім арт-терапия курсына тіркелдім. Содан кейін жолдасыммен бірге қатыстық. Кейінірек бұл жобаны отбасылық форматта өткізу ойға келді. Мұндағы мақсат – отбасылық демалысты пайдалы өткізу. Ата-ана мен балалар бірге сурет салу арқылы көңілдері көтеріледі. Сондай-ақ, Лимана ханымның арт анализі оларға бағыт-бағдар береді. Ер мен әйелдің ара қатынасындағы көп мән бере бермейтін мәселелер де бір ғана суреттен шыққан кездер болды. Көбіне күнделікті тірлік, бала-шағаға уақытын арнап, жолдасына не жарына жылулықтың жетіспей жүргенін жұптар байқамайды. Көзге көріне бермейтін, көңілдегі сезімдер суретке түседі екен. Әдетте, ондай жағдайда психолог жұптарға арналған кеңесін береді, – дейді отбасылық арт-терапия координаторы Сымбат Найманханқызы.

 

Жалпы отбасылық терапия отбасы мүшелерінің қарым-қатынасы арасында пайда болған проблемаларды шешуде отбасына көрсетілетін көмектің жолдары мен әдістерінің кешені. Бұл отбасын зерттеп білуге және алдын алу мақсатында ықпал жасауды, сонымен қатар кейінгі әлеуметтік еңбек құқығын қалпына келтіруді қамтитын психотерапия саласы болып табылады.

– Ата-ана мен бала қарым-қатынасында ересектер доминат болып келеді. Кішілерге жол сілтейміз деп балаларын өз жолынан тайдырады. Көбіне бала кездегі орындалмаған армандарын баласына қадап қояды. Бірақ, баланың арманы басқа. Бір мысал келтірейін, 4-5 - сыныпта оқитын қызының сабаққа, шет тілге көбірек мән беру керек деп анасы би үйірмесінен шығарып алады. Бұдан кейін қыз баланың оқуы да, тамаққа тәбеті де нашарлап кетеді. Анасы репетитор жалдап, бар жағдайын жасағанмен өзгеріс жоқ. Сол қыздың суретінен психолог Лимана Қойшиева энергиясы сыртқа шықпай, бүгіліп қалғанын, тынысы тарылып жүргенін көрді. Анасына қызды жеңіл атлетика, би немесе бассейн секілді спорт үйірмесіне бару керек деген кеңес берді. Арада 3-4 ай өткен соң анасы бізге хат жазды. Қызын хореографияға қайта берген екен. Биден байқауға да барыпты. Қазір көңіл-күйі де, тәбеті де жақсы. Бастысы осы тоқсанда сабағы да дұрысталды деп өз алғысын білдірді, – деді Сымбат Найманханқызы. 


Отбасы терапиясы психологиялық көмек ретінде ХХ ғасырдың 50 жылдары қалыптаса бастады. Ресейде алғаш 1817 жылдары Ф.К.Уден алғашқылардың бірі болып отбасы өміріне, оның ішінде ата-ананың балаға қатынасын психикаға әсер ететіні туралы айтты. Ол өзінің тәжірибесін топтық терапия ұстанымдарына сүйеніп, отбасы терапиясы көп деңгейлі процесс деп қараған. Кейіннен нақты отбасы динамикасына көңіл бөлген.

– Ең жиі кездесетіні баланың бойындағы қорқыныш, қызғаныш әдетте қырсықтыққа балайтын мінездің себебі мүлдем басқа екені анықталып жатты, – деді отбасылық арт терапия кооридинаторы.

Бүгінде кейбір жасөспірім балалардың бойында ұялшақтық, ұяңдық басым. Отбасылық арт-терапияда психолог Лимана Құттыбекқызы баланың жан дүниесі, танымы мен түсінігі және неден қорқатындығын анықтайтындығын айтты. Ал екінші кезеңінде баланың ашылуына жұмыс жасалынады екен. Және де балаларға арналған арт терапиялық курстарға бүгінгі күні сұраныстың көп екенін де жасырмады.

Маманның айтуынша, арт терапияда түстердің мағынасы өте жоғары. Зорлық-зомбылық көрген балалар қызыл, қызғылт-сары түстерді жиі қолданса, нашақорлар сұр мен қара түсті жиі пайдаланады екен. 


Шығармашылық емдеу туралы пікірлер Психолог Лимана Қойшиева ұйымдастырған арт-терапия курсына қатысып нәтижеге жеткен қыз-келіншектердің де пікірін білуді жөн санадық. Бірі ішкі қорқыныштарын жеңсе, екіншілері өкпе реніштен арылған. Аутист балалармен, тілі шықпай отырған бүлдіршіндер де арт терапия курсының қатысушылары екен. Осы уақытқа дейін жүкті бола алмай келген бірнеше келіншек ана бақытын сезініпті. Осындай нәтижелерге қарап отырып психотерапияның бұл саласының адамдарға үлкен әсері болғанын айтуға болады.

– Екі жыл бойы арт-терапия курсына қатысып, үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Мүмкін болайын деп тұрған нәрсе болар. Бірақ сол санамыздағы, ойымыздағы нәрселерді суретке шығарып, қағаз бетіне түсірілгеннен кейін ол сенің арман-мақсаттарыңның әсері болады, – деді арт-терапия курсына қатысушы Гүлмира.

Қорыта айтқанда, бүгінде арт-терапияның қуыршақ терапия, библиотерапия, ойын терапиясы, құм және музыкалық терапия секілді көптеген түрлері бар. Жалпы сіз арт терапиямен айналыса отырып, психоэмоционалдық халіңізді жақсартып, әр түрлі сезімдерді символдық пысықтауға, көркем өнерді дамытуға деген мүмкіндік аласыз. Психологиядағы сезімдерді суреттер арқылы жеткізу әдісі жасырынған қабілетіңізді шығарып, қоғаммен байланыс орнатуға мүмкіндік беретінін айтқымыз келеді.


Суреттер: (yandex. kz сайтына және арт терапевттің жеке мұрағатынан алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: