«Арқаны кеңге салуға болмайды». Президент әлемдегі қақтығыстар туралы айтты

23 Қазан, 14:20 1453

Елдің ішкі жағдайы мен азаматтардың әл-ауқатына мемлекеттің сыртқы саясаты тікелей әсер етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл салаға да ерекше мән берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан ұлттық мүддеге негізделген теңгерімді, конструктивті сыртқы саясат жүргізеді. Биыл біз үшін халықаралық маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Қазақстан бірден бірнеше көпжақты ұйымдарға төрағалық етіп, бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Әсіресе, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын атап өтуге болады. Мемлекетіміз әлемдік аренадағы орнын дәйекті түрде нығайту арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге және жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қосып келеді. Қазақ дипломатиясы сан ғасырлық тарихы мен дәстүрі бар Ұлы даладан бастау алды. Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайта түсу – ұлттық дипломатияның алдында тұрған маңызды міндет. Қазір дүние жүзі қауымдастығы біздің елімізді орта держава деп атайтын болды. Бірақ арқаны кеңге салуға болмайды, әлі де өте белсенді жұмыс істеу қажет. Әлемде түрлі қақтығыстар көбейіп, қарулану жарысы белең алғанын және сауда соғысы өршіп бара жатқанын көріп отырсыздар. Бірақ ең қауіптісі – сананың милитаризациясы, бір-бірінің ұстанымын мойындамау және сенімсіздіктің артуы, диалог пен консенсус үшін мүмкіндіктің азаюы. Осының бәрі әлемдік тәртіптің түбегейлі өзгеріске ұшырап жатқанын көрсетеді. Біз осындай жағдайдың өзінде тұрақтылық пен келісім мекені болып қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бейбітшілік пен тыныштық – біздің ең құнды байлығымыз, оны аялап, көздің қарашығындай сақтауымыз керек, – деді президент.

Мемлекет басшысы бейбітшілік пен дамудың түп негізі отбасындағы тәрбиеден, көшедегі тазалықтан, қоғамдағы бірліктен бастау алатынына назар аударып, неліктен Заң мен Тәртіп үстемдігі туралы ұдайы айтатынын түсіндірді.

Бұл – біздің байыппен таңдаған айнымас қағидатымыз. Ол қоғамдық санада тамыр жаюға тиіс. «Заң – ізгілік пен әділет өнері» деген әйгілі тәмсіл бар. Заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін қажет. Әрине, заңның қатаңдығына наразылық білдіріп, «қылбұрау салып жатыр» деп ойлайтын адамдар әрқашан табылады. Бірақ жазадан жалтарып, жүгенсіз кеткендер, шын мәнінде, халық пен ел мүддесіне қарсы адамдар. Мемлекет қылмысқа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іске асыру үшін шара қабылдауды жалғастырады. Бұзақылықпен және ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізеді. – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.

Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ. Еліміздің ең басты мерекесі – Республика күнінде біз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегін атап өтуге тиіспіз. Оның қазіргі Қазақ мемлекетін құру ісінде шешуші тарихи рөл атқарғанын міндетті түрде айтуымыз қажет. Ел үшін жасалған қызмет ешқашан ұмытылмауы керек, ел жадында сақталуға тиіс. Бұл – еліміздің болашағы үшін өте маңызды. «Жақсының жақсылығын айт» деген халқымыз. Бүгінгі тарихқа әділ баға берілуі үшін кешегі тарих әділ бағалануға тиіс, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның жетістіктері барша халқымыздың ортақ табысы екенін атап өтіп, ұлық мейрам – Республика күніне орай елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: