Арнайы құқық және мемлекеттік монополия субъектілерінің тізілімі бекітілді

19 Қазан 2022, 07:35 3233

Аталған операторларға еншілес ұйымдар құруға немесе басқа заңды тұлғалардың қызметіне өзге түрде қатысуға тыйым салынады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі арнаулы құқық және мемлекеттік монополия субъектілерінің бірінші мемлекеттік тізілімін бекітті, деп хабарлайды EL.KZ.

Агенттіктің мәліметіне қарағанда, бұл тізілім арнайы құқықтың 17 субъектісін және мемлекеттік монополияның 17 субъектісін қамтитын екі бөлімнен тұрады.

Арнаулы құқық субъектілерінің тізіліміне қызметі тиісті не аралас тауар нарықтарында тауар айналысының жалпы шарттарына әсер ететін операторлар енгізілген.

Кәсіпкерлік Кодекске сәйкес арнайы құқық субъектілерінің тізіліміне енгізілген экономикалық функцияларды іске асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік және жеке операторлар мынадай қағидаттарда монополияға қарсы реттеуге жатады:

  1. Бағаны реттеу.

Болашақта монополияға қарсы орган арнайы құқыққа жатқызылған және аталған операторлар олардың аясында өткізетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бағасына сараптама жүргізетін болады, бұл өз кезегінде баға белгілеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  1. Өзге қызметпен айналысуға тыйым салу.

Тізілімге енгізілген операторларға заңда көзделген операторлық функциялардан басқа қызметтің өзге түрлерімен айналысуға, тауарлар өндіруге, жұмыстарды өткізуге, қызметтер көрсетуге тыйым салынады.

  1. Басқа заңды тұлғаларға қатысуға тыйым салу.

Аталған операторларға еншілес ұйымдар құруға немесе басқа заңды тұлғалардың қызметіне өзге түрде қатысуға тыйым салынады.

  1. Бизнестің жіберіп алған пайдасын өтеу.

Арнайы құқықты енгізу нәтижесінде нарық субъектілеріне келтірілген залал бюджет қаражаты есебінен өтеледі.

  1. Нарық қатысушыларының дайындығына аранлған алты ай кезеңі.

Бұрын белгілі бір тауарды өндірумен, сатумен айналысқан немесе пайдаланған нарық субъектілері  арнайы құқық қолданысқа енгізілгеннен кейін тек алты ай мерзім ішінде осы тауарларды өткізуді жүзеге асыруға құқылы.

Кәсіпкерлік Кодекстің 193-бабының 3-тармағына сәйкес арнайы құқық субъектісі Үкімет белгілеген тәртіппен айқындалған мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік бола алады. Көрсетілген норманы іске асыру үшін Үкіметтің 2022 жылғы 30 маусымдағы № 453 Қаулысымен арнаулы құқық субъектісінің мемлекеттік кәсіпорынды, акционерлік қоғамды, жауапкершілігі шектеулі серіктестікті айқындау Қағидалары бекітілді.

Өз кезегінде Агенттік арнаулы құқық саласына жатқызылған қызметті бәсекелестік ортаға беру жөнінде ұсыныстар дайындау үшін арнаулы құқықтың жекелеген субъектілерінің қызметіне жыл сайынғы негізде талдау жүргізетін болады. Осыған байланысты арнайы құқық субъектілерінің тізілімі одан әрі реттелетін болады.

Мемлекеттік монополия, арнайы құқық субъектілерінің мемлекеттік тізілімін мына жерден көруге болады.

Бөлісу: