Армия спортшылары Әлем чемпионатында 8 медаль иеленді

3 Желтоқсан 2023, 19:05 989

Бұл – олардың Бакуде күрестен өткен XXXVI әлем чемпионатындағы нәтижесі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

CISM халықаралық әскери спорт кеңесі мен Әзербайжан Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған чемпионатқа 18 елден 300-ден астам спортшы қатысты.

Грек-рим стиліндегі армия балуаны Аманғали Бекболатов 55 келі салмақ дәрежесінде Иран, Ресей, Түркия спортшыларынан басым түсті. Ол шешуші жекпе-жекте Әзербайжан балуаны Фарида Садиклиді жеңіп, әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

Еркін күрестен өткен жарыс тұғырының екінші сатысына Рүстем Мырзағалиев (79 кг), Айнұр Әшімова (57 кг) және Ирина Кузнецовалар (62 кг) көтерілді. Ал қазақстандық балуандар Нұрсұлтан Азов (125 кг), Мейіржан Әшіров (70 кг), Әділ Оспанов (65 кг) және Дәулет Теміржанов (57 кг) қола жүлдегер атанды.

Айта кетейік, жарысқа Қазақстан Қарулы күштерінің командасы еркін және грек-рим күресінен он тоғыз балуан апарған болатын.

Перизат Саденова
Бөлісу: