«Aрмия-2021»: қазақ армиясының қоржынында 11 жүлде

13 Қыркүйек 2021, 12:33 4500

 

Жақында Мәскеу төріндегі «Патриот» конгресс-көрме залында VII халықаралық армия ойындарының жабылу салтанаты өтті. Ең ауқымды «Aрмия-2021» халықаралық ойындарында жүлделі орындар иеленген жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне 11 елден келген 42 команда қатысты.

 

22 тамыз күні басталған байрақты бәсеке 4 қыркүйекке дейін жалғасқаны мәлім. Әлемнің 11 мемлекетінен келген қарулы күштердің өкілдері 34 байқау бойынша бақ сынасып, шеберліктерін ортаға салған болатын. Олар жарысып қана қоймай, тәжірибе алмасты.

 

Салтанатты шараға келе алмаса да, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі армия генералы Сергей Шойгу видео қоңырау арқылы барша қатысушылар мен жеңімпаздарды халықаралық дәрежеде өткен маңызды бәсекенің аяқталуымен құттықтады. Ведомоство басшысы армия ойындарының халықаралық әскери байланыс үшін маңызы зор екенін тілге тиек етті.

 

Министрдің бірінші орынбасары, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы армия генералы Валерий Герасимов Ресей Президенті Владимир Путиннің сәлемін жолдап, құттықтапу хатын оқыды.

 

– 2015 жылдан бері халықаралық армия ойындарының өзіндік дәстүрі бекіп, әлемдік масштабтағы маңызды шараға айналды. Жыл өткен сайын әр елден келген әскери маманға кәсіби шеберліктерін ортаға салып, жауапты тапсырмаларды сауатты әрі шапшаң шеше білетін қасиеттерін көрсететін алаңға айналды,- делінген Владимир Путиннің сөзінде.

 

Сондай-ақ Ресей мемлекет басшысы халықаралық ойындарды ұйымдастыру өте жоғары деңгейде өткенін атап өткен. Қатысушы командалар саны артқанын, биылғы бағдарлама дерлік әскери мамандықтарды қамтитын қызықты және мазмұнды жарыстармен байытылғанын тілге тиек еткен. Ойындар өткен полигондар мен алаңдарда қатысушылар мен қонақтар отандық және шетелдік қорғаныс-өнеркәсіптік кешендердің соңғы жетістіктерімен, бірлескен перспективалы жобаларын іске асыру барысымен танысуға мүмкіндік берілгені айтылған.

 

– Қазіргі армия ойындары кәсіби әрі сараптамалық қарым-қатынас құруға, перспективалы іскерлік байланыс орнатып, халықаралық әскери -техникалық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін, - деп қосқан РФ Президенті.

 

Армия-2021 халықаралық ойындарының жабылу салтанатында ең әсерлі жарыс – танк биатлонының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Осы аталымда ресейлік әскери қызметшілер топ жарып, бірінші орынды иеленді. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің орынбасары армия генералы Дмитрий Булгаков жеңімпаздар кубогын танк командирі аға сержант Даниил Храмовқа табыстады. Бұл экипаж финалда бірінші болып жарысқа түсті. Екінші орын алған Қытай Халық Республикасының құрама командасын Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Юнус-Бек Евкуров марапаттады. Үшінші орынға табан тіреген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің танкішілерін Ресей Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, Армия ойындарын дамыту халықаралық қауымдастығының президенті, армия генералы Олег Салюков қола медальмен марапаттады.

 

Танк биатлонының соңғы эстафетасы кезінде мәртебелі қонақтар – шет мемлекеттердің өкілдері биылғы ойындар туралы өз әсерлерімен бөліскен.

 

– Биыл конкурс жоғары деңгейде өткізілді. Катар армиясы аталмыш халықаралық ойындарға қатысуды жалғастыруды жоспарлап отыр, себебі жарыстар Катар әскери қызметшілерінің жауынгерлік қабілетін арттыруға ықпал етеді, - деді Катар Қорғаныс министрлігі әскери дайындық басқармасының төрағасы, бригадир генералы Жасим Ахмад Мұхаммед Әл -Муханнад.

 

Индонезия Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Родон Педрасон Индонезия армиясы 2022 жылы халықаралық армия ойындарына бірінші рет қатысуы мүмкін екенін айтты.

 

– Биыл біз мұнда бақылаушы ретінде келдік. Алайда келесі жылы біздің әскерлер жарыста өз мүмкіншіліктерін сынап көруі мүмкін, - деді Родон Педрасон.

 

«Aрмия-2021» халықаралық ойындарына мыңнан астам қару-жарақ, әскери және арнайы техника, ұшақтар мен кемелер жұмылдырылды. Индонезия қорғаныс саласының өкілі айтуынша, осы жарыстардың ішінде олар танк жарыстарына, атыс қаруынан, атап айтқанда, мергендер жарысына қатты қызығушылық танытқан.

 

– Қорғаныс министрі ретінде мен аталмыш байқауға алғаш рет келіп отырмын,- деді Сербия Республикасының Қорғаныс министрі Небойша Стефанович. – Сербия армиясы - «Тәртіп сақшысы» атанған әскери полиция жарысының тең ұйымдастырушысына айналғаны біз үшін үлкен мәртебе. Мен жүлделі орындардан көрінген «танк биатлонының» барлық қатысушыларын құттықтаймын. Болашақта біздің жігіттер де өз деңгейінде сайысқа түседі деп сенемін. Біз болашақта армия ойындарына қатысып, бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз деген үміттемін.

 

Жабылу салтанаты халықаралық армия ойындарының жеңімпаздарына кубок табыстауымен аяқталды.

 

«Мәтібұлақ» полигонында өткен «Сұңқар аңшылығы» конкурсында қазақстандық әскерилер топ жарып, І орынды қанжығасына байлады. Әуеде барлау қызметін жүргізетін ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептоптары арасында отандастарымыз шашасына шаң жұқтырмады. Беларусь әскерлері екінші орыннан көрінсе, Ресей үшінші орынды қанағат тұтты.

 

Келесі бір маңызды сайыстардың бірі – «Артиллериядан оқ ату шеберлерінің» конкурсы. Минаатқыш бөлімшелер бақ сынаған кезекті сынақта да Қазақстан жауынгерлері негізгі қарсыласы – ресейлік әскери қызметшілерді басып озып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ресей екінші орынға тұрақтаса, Әзербайжан үшінші орынды алды. Қазақстан Қарулы Күштері бұдан өзге де бірқатар сайыстардан жүлделі орындар алды. Мәселен, «Десант взводы» конкурсында екінші орынға табан тіресе, «Тактикалық мерген», «Аттар марафоны», «Бейбітшілік жауынгері», «Тәртіп сақшысы», «Эльбрус шеңбері», «Теңіз кубогы» және «Армия мәдениеті» сайыстарында «қола» жүлде алды.

Суреттер Қорғаныс министрлігінің Баспасөз қызметінен алынды.

 

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: