Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің ұлы Абылай 2024 жылдың күзіне қарай жұмбақ жағдайда көз жұмды. Арада бір жыл өткен соң сот оның анасын Абылайдың элиталық пәтерінен шығару туралы шешім шығарды. Себебі жас жігіт қайтыс болардан аз уақыт бұрын баспанасын сатып жіберген көрінеді, бірақ ол қаржының қайда кеткені белгісіз, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
2023 жылдың қаңтарында қазақстандық шоу-бизнес қара жамылды – талай әншінің бағын танымал композитор Арман Дүйсенов 50-ге толмай өмірден өтті.
Kozachkow telegram-арнасының мәліметінше, оның қазасынан кейін қылмыстық істер, қарыз даулары, марқұмның атын жамылып жүрген адамдармен туындаған жанжалдар бірінен соң бірі жалғаса берді. Осы мәселелерді оның жалғыз ұлы Абылай шешіп көрмек болған. Алайда көп уақыт өтпей-ақ, өзі де небәрі 21 жасында көз жұмды.
Жас жігітке не болғаны әлі күнге дейін түсініксіз. Алғашында полиция істі «Кісі өлтіру» бабымен тіркеді – Абылай асылып тұрған күйде табылған, бірақ қолы байлаулы болған. Сондықтан туған-туыстары оның өзіне қол жұмсағанына сенген жоқ.
Тергеу материалдарына сүйенсек, 6 қазан кешкісін Абылай үйіне келген. Келесі күні ол пәтерден сыртқа темекі шегуге ғана шыққан. Басқа ешкім кірмеген. 7 қазанда жігітті анасы мойнына арқан салынған күйде тауып алады.
Полиция тіпті арнайы тергеу экспериментін де жүргізді, онда адамның қолы байлаулы болса да, өзін-өзі асып қоюы мүмкін деген қорытынды жасалған. Алайда марқұмның жақындары бұл нәтижеге келіспей, сотты қайта сараптама жасауға міндеттеді. Енді зерттеу Абылайдың бойына сәйкес манекенмен және аяқкиім бауымен емес, дәл сол күні табылған жіппен жүргізілуі тиіс.
Бірақ күмәнді жағдайлар мұнымен бітпейді.
Кейін Абылайдың досы Санжар Мұқаш марқұмның анасы Айсұлу Алпыспаеваның үстінен сотқа арыз түсірді. Даудың негізгі себебі – Абылай көз жұмған пәтер.
Санжардың айтуынша, былтыр жазда ол Абылайдан 140 шаршы метрлік элиталық пәтерді 95 миллион теңгеге сатып алған. Жігіт ақшаны алып, қолхат берген, тіпті 13 қазанға дейін үйден шығуға уәде еткен. Сол себепті Мухаш соттан Айсұлуды пәтерден шығарып беруді сұрап отыр.
Алайда іс мұншалықты қарапайым емес. 2024 жылдың 12 тамызында Санжар мен Абылай 86 миллион теңгеге қарыз шартына қол қойған. Келесі күні пәтерді 95 миллионға сату шартын рәсімдеген.
Сонымен бірге жігіттердің арасында түсініксіз жағдайлар болған: Абылайдың телефонынан табылған хат алмасуда олар қарызды, ақшаны қайтару механизмін талқылайды. Тіпті бұл қаржыны белгісіз үшінші тұлғаларға қайтару керек болғаны, әйтпесе екеуі де қиындыққа тап болатыны жазылған.
Сондықтан Абылайдың анасы мен адвокаттары бұл мәмілені «жалған» деп санайды. Сол себепті олар соттан қылмыстық істің материалдарын талап етуді сұраған еді.
Алайда Бостандық аудандық соты бұл уәжді ескерместен, Айсұлуды пәтерден шығару туралы талапты қанағаттандырды. Әзірге шешім заңды күшіне енген жоқ – іс Алматы қалалық сотында қаралады.
Қылмыстық іс те әлі аяқталмаған. Себебі Абылайды ешкім өлтірмеген болса, онда оны өзін-өзі өлтіруге итермелеген кім? Қарыз беріп, ақша талап етіп жүрген адамдар кімдер деген сұрақтар әлі ашық күйде қалып отыр.