15 Қыркүйек 2015, 08:51
Ғарифолла ЕСІМ, философия ғылымдарының докторы, профессор
Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлаудың мәні – қазақ қайдан шыққан деген сауалдың жауабы деп білемін. Қазақ деген мал бағып жүрген халық емес, қазақ мемлекет болған. Қазақтың әрбір тарихи кезеңінде, дәуірінде мемлекеттік сана болған, мемлекет болған. Қазақ балаларын атын Азамат деп қойған, «Азамат» деп сол мемлекетке қатысты адамды айтады. 550 жыл бұрын Қазақ хандығы болған. Оның алдында Ақорда, одан бұрын түріктер, ғұндар, сақтар болған. Біз өзіміздің тарихымыздағы әрбір кезең мен мемлекеттік дәуірді жастарға айтуымыз керек, ұрпақ білуі тиіс. Өйткені, әрбір ел – мемлекетінің тарихымен мақтанады.
Идеологияның уақыты келді
Намазалы ОМАШЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры
Жалпы бүгін-ертелі бері көптен күткен халықтың мерекесі – қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шаралар өтіп жатыр. Астана қалаасында ҚР Президентінің Қазақ хандығының 550 жылдығы құрметіне өткен салтанатты шарада сөйлеген баяндамасын тыңдадық. Өте жүйелі болды, әсіресе «мәңгілік ел» деген тіркес бүгінгі біздің идиологиялық жұмысымыздың негізгі арқауына айналып отыр.
Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты жасаған баяндамасында «Ұлы дала елі» деген тіркесті бірнеше рет айтты. Шын мәнісінде дүниежүзінде әртүрлі елдер бар. Аспан асты елі, күншығыс елі, үйеңкі жапырақтар елі деп жатамыз. Жұмыр жерден өз үлесін алып, кеңдігі жағынан 9 орын алған Қазақстанға да бір атау керек еді. Сары даланың атырабын жайлап жатқан түркілердің негізгі сарқыты осы жерде қалған ол – қазақ елі. Бұрын біз «Мәңгілік ел» идеясын айтып жүрсек, енді «Ұлы далада өмір сүрген қазақ елі» деген тіркес еріксіз кез-келгеннің аузына оралады. Бұл үрдіс жалғаса беруі тиіс. Менің білуімше, қазақ халқының рухын көтеріп, патриоттық сезімін нығайтатын осындай шара ауадаай қажет еді. Кеңестер одағының кезінде Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы деген өтті. Қандай жасанды болып өтті, сол уақытта біз соны да мақтаныш жасадық. Яғни Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығын да мақтап, студенттерді қуалап қатысытырып, Алматының «Медеу» мұз айдынында шаралар ұйымдастырлды. Сондай шараның қасында бұл біздің елдігіміздің, мемлекеттігіміздің 550 жылдығын дүниежүзі алдында мойындатқан шара. Бұл кез-келген жастың да үлкеннің нағыз патриоттық рухын көтеріп, өткеніне құрметпен қарап, тарихын терең тануға икемдейтін тіпті әділеттілікке салтанат құрғызған шара болды. Идеологияның уақыты келді, талай тарихи деректер су бетіне шығып, көпшілікке айтылады деген ойдамын.
Пікірді жазып алған Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ