Әрекеттенбесеңіз әлеуетті донор атануыңыз мүмкін

14 Наурыз, 18:03 730

Енді көзі тірісінде ағзасын алуға тыйым салмағандар қайтыс болғаннан кейін әлеуетті донор атануы мүмкін. Өйткені, елімізде донор тапшы. Осыған байланысты еліміздегі денсаулық сақтау кодексіне өзгерістер мен толықтырулар әзірленуде. Күшіне енсе, марқұмның ағзасын алу үшін туыстарынан рұқсат сұралмайды. Ал марқұм болған азаматтың ағзасы бірден реципиенттерге беріледі.

Жақында қайтыс болған адамның ағзасын алу үшін туыстарының келісімін алмай, трансплантациялау керек деген ұсыныс айтылды. Ағзасын беруге қарсылық білдіргендер, қазірден ақ электрондық үкімет порталы арқылы рұқсат бермейтінін тіркетіп қоюы тиіс. Әйтпегенде «келісімін берген» болып есептеледі. Ал туыстарынан рұқсат сұралмайды. Қазір бұл мәселе қоғамның қызу талқысына түсті. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілгенімен, бұл бастамаға қарсылық танытқандардың қатары қалың.

«Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев еліміздегі денсаулық сақтау саласына қатысты заңда қайтыс болған азаматтардың ағзаларын туыстарының келісімінсіз-ақ алуға мүмкіндік берілетін болса, көптеген адамды ажалдан арашалап қалуға септігін тигізеді дегенді алға тартады.

Елімізде мыңдаған адам ағза алмастыру кезегінде тұр. Дәріглерлер де қордан ақша қажет еместігін айтып, одан да елімізде мәйіт донорлығы қайта жұмыс істейтіндей етіп заңды өзгерту тиімді екенін айтып отыр, - деген болатын қор басшысы.

Айта кетейік, еліміздегі трансплантация төңірегіндегі негізгі жүйе мынандай еді. Мамандар марқұмның ағзасын алуға қатысты тұжырымын білу үшін алдымен электрондық үкімет порталынан пікірін іздейді. Себебі, бұған дейін еліміздің әр азаматы қайтыс болған соң  ағзасын беруге келісім беретіні немесе бермейтіні туралы өз таңдауын жасауы тиіс еді.  Егер қайтыс болған адам көзі тірісінде порталға ақпарат қалдырмаса мамандар оның туған- туыстарының рұқсатын алуға тырысатын. Олар мақұлдаған жағдайда әлеуетті мәйіт донорын трансплантациялау үшін қажетті шаралар басталады. Көп жағдайда «ажалы жақын» азаматтардың немесе марқұмдардың туыс-туғандары ағзаны беруге қарсылығын білдіреді екен. Өз кезегінде мамандар мұндай келіссөздердің әркез қиындық тудыратынын айтып дабыл қаққан. Туыстар келісімін алмау үшін арнайы заңға түзетулер мен толықтырулар енгізуді талап етіп отырғандардың да басты себебі осы. Демек, жаңа талаптар қабылданса, қайтыс болған адамның электрондық үкімет порталында пікірі болмаса, автоматты түрде донор атануы бек мүмкін.

Еске салып өтейік, осы уақытқа дейін еліміздегі электрондық үкімет порталына 79709  адам тіркелген болса, оның 5934-і келісімін берген. Ал қалған 73775  адамның донор атануға қарсылығының бар-жоқтығы әзірге белгісіз.

Бұған дейін елеміздегі тірі адамдар арасында ағза алмастыру мен қайтыс болғандардың ағзасын трансплантациялау әдісі 2012 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақытқа дейін тірі адамдардың ағзасын алу үшін 2143, қайтыс болғандардан 431 трансплантация жасалған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде бүйрегі мен бауырына, жүрегіне және өкпесіне трансплантация жасау үшін 3997 мың реципиент кезек күтуде. Оның 103-і бала. Ал елімізде 40-қа жуық ұйым донор мен ағзаны қабылдаушы, яғни реципиент арасындағы сәйкестікті анықтаса, ота жасайтын 7 орталық бар.

Өткен жылы еліміз алғаш рет медицинаның маңызды саласы ретінде «Қазақстан ағза донорларының күнін» атап өтті. Аталмыш дата қоғамның трансплантацияға деген сенімін нығайту мақсатында қойылып отыр. Себебі, мұндай мерекеге әлемдік көзқарас 1996 жылдан беріи қалыптасып қойған.

Жалпы, шетелдік тәжірибеге сүйенсек, оларда донорлыққа қатысты насихат көп, жарнама жетерлік. Оның өзінде агрессивті түрде жүзеге асырылады. Мәселен, қоғамдық маңызы бар осында істерге үлес қоспай, «ағзасын бермей» сараңдыққа салғандарға наразылық танытып, айыптайды. Әлдебір наным сенімдегілерге  о дүниеде ағза емес, осы дүниедегі оң істерінің маңызды екенін түсіндіреді. Жұртшылыққа жарнама жасап, бұқара көп жиналатын орындарға плакаттар іледі. Бүгінде трансплантация бойынша рекордтық орында АҚШ тұр. Ел тарихында ең кәрі тұрғын Сесил Локхарт 95 жасында «ең кәрі өлгеннен кейінгі донор» атанса, өткен жылдың соңында бұл мемлекет тағы бір рекордтық көрсеткіш  орнатты. Елде трансплантация жасау 40 мыңға жеткен. Байқағанымыздай, мұндай мәселелерді шешу шет мемлекеттерде жүйелі түрде жолға қойылған.

Ал біздің елімізде трансплантацияға қатысты көзқарас әр түрлі. Мәселен, Астана қаласының тұрғыны Аяулым Бақытқызы қайтыс болған адамның ағзасын алу үшін ет жақындарының рұқсаты керек деп санайды.

Қандай жағдай болмасын, қайтыс болған адамның туыстарынан келісімін алу жөн деп санаймын. Себебі, кейбір адамдар дүниеден өтпес бұрын органдарын өзге біреуге салуға рұқсатын бергенін немесе бермегенін туыстарына өсиет етіп қалдыруы да мүмкін. Оның үстіне, қазіргі уақытта ағза алмастыруға қатысты шет елдерде, біздің елімізде жаға ұстатарлық жағдайлардың орын алып жатқаны жасырын емес. Адам ағзасы саудаға айналған  заманда кімге сенер сенбесіңді де білмейсің. Сондықтан марқұмның туыстары рұқсатын бергеннен кейін ғана трансплантация жасалғаны жөн деп санаймын, - дейді Аяулым Бақытқызы.

Бұл ретте ерікті Диана Иманшарипова донорлыққа қатысты адамдар арасында түсіндіру жұмыстарының жеткілікті деңгейде жүргізілмей жатқанын алға тартады.

Халық арасында трансплантологяның тиімді жақтарын, оның қажеттілігін елдің санасына сіңіріп, бұл мәселеге көзқарастарын өзгерткеніміз орынды. Шешім қабылдау керек сәтте кейбір адамдар моральдық, психологиялық тұрғыдан әлі де дайын болмағандықтан  келісімдерін бере қоймайды. Кейбірі «ағза ауыстыру» дегеннен-ақ ат тонын ала қашады. Ауылдық аймақтарда, шалғай елді-мекендегілер трансплантология туралы түсінік қалыптастырып, портал арқылы өз таңдауын жасады дегенге сенімім аздау. Бұл осы салада халықтың сауатын ашу жұмыстарының жеткіліксіздігі деп ойлаймын. Ерікті ретінде осындай жағдайлар туралы көпті хабардар етіп жүруге тырысамын, - дейді Диана Иманшарипова.

Жасыратыны жоқ, қоғам арасында қайтыс болған адамның «ағзасын алу» дегенді естіген жұрт бірден жағасын ұстайды. Кейбірінің жақын жұрағаты діни көзқарасқа қатысты ойланып, ағзаны алмастыруға келісімін бермейді. ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің пәтуасы бойынша, трансплантация жасау, яғни бір адамның екінші бір адамға ағзасын беруі шариғатта рұқсат етілген амал болып саналады. Бірақ, бұл амал белгілі бір шарттардың сақталуымен жүзеге асуы тиіс, дейді дін өкілдері.

Айта кетейік, егер донорлыққа қатысты өз шешіміңізді әлі қабылдамаған болсаңыз электрондық үкімет порталы арқылы таңдау жасай аласыз. Ол үшін аталмыш порталға кіріп «Денсаулық сақтау» бөлімінен «медициналық көмек» бөліміне өтесіз. Одан кейін «Трансплантаттау мақсатында ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» дегенді басасыз. Жоғарыда тұрған «Онлайн сұрау» батырмасын басу арқылы экран бетіне шыққан екі нұсқаның бірін таңдайсыз. Электрондық цифрлық қолтаңбаңыз арқылы бекіте отырып, осыйлайша өз ағзаңызды беру немесе бермеу жөніндегі шешіміңізді қабылдайсыз.

Мереке Амантай
Бөлісу: