Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері сапында жалғыз нәзік жанды ұшқыш барын бірі білсе, бірі білмес. Ардана Ботай туралы El.kz интернет жобасы бұған дейін де жазған болатын. Ерлерге иық тірестіріп, әскери ортада ұшқыш міндетін атқару үшін қыз балаға құрыштай берік жүйке мен салқынқандылық керек шығар. Жауынгерлік авиатехниканы басқарып, бүгін де жойғыш-ұшқыштар қатарынан көрінген Ардана Ботай жақында ғана алғаш рет Су-30СМ көпфункциялы жойғыш ұшағының экипажын өзі басқарып, дара ұшты.
«Бізге қойылатын талап пен міндет бірдей. Әйел немесе ер деп ешкімді бөліп-жарып қарастырмайды. Аспан әлемінде бәріміз де теңбіз»,- дейді кейіпкеріміз.
Бұған дейін тілге тиек еткеніміздей, Жауынгерлік авиация эскадрильясы авиациялық тобының аға ұшқышы Ардана Ботай – Қазақстандағы жауынгерлік авиация қатарында жүрген жалғыз ұшқыш әйел. Ол бүгінде әскери міндетін Қарағанды авиабазасында атқарып жүр.
Ардана бала күнінен зеңгір көкке ғашық болды.
– Балалық шағымда ағам екеуміз тек қана түрлі көлік ойыншықтармен ойнап, техникалық тематикада шығатын журналдарды жинайтынбыз. Бірде көзіме «МиГ-29» ұшағының суреті оттай басылды. Осы сәттен бастап әскери ұшқыш болуды армандадым. Мамандық таңдарда ата-анам маған жан-жақты қолдау көрсетті. Олар менің таңдауыма құрметпен қарап, ойымды өзгертуге тырыспады. Керісінше өздері әрекеттерімен үлгі болып, өмір айдынында кездесетін қиыншылықтарға төтеп беруді үйретті,- дейді аға лейтенант Ардана Ботай.
Кейіпкеріміз алғашқы ұшқыш лицензиясын мектеп қабырғасында оқып жүргенде Нұр-Сұлтан қаласындағы Мемлекеттік авиациялық оқу орталығынан алды. Мектепті тәмамдаған жылы Ардана құжаттарын екі мәрте Кеңес Одағының батыры Талғат Бегельдинов атындағы Әуе Қорғанысы Күштерінің Әскери институтына тапсырады. Мұнда болашақ әскери ұшқыштар оқиды. Өкінішке қарай Ардананы аталмыш білім мекемесі оқуға қабылдай алмайтынын хабарлайды. Ресми хатта Қазақстандағы жоғары әскери оқу орнын тәмамдаған жандар мерзімді әскери қызметін өтегенмен пара-пар саналатыны жазылып, бұл тек ерлерге тән қызмет екені сипатталған.
Алайда бұл жағдай Ардананың сағын сындыра алмады. Ол қалай да мақсатын бағындыру үшін Алматы қаласындағы Азаматтық авиация академиясына «Әуе кемелері мен қозғалтқыштарын жазғы эксплуатациялау» мамандығына оқуға қабылданды. Алғашқы тәжірбиесін Финляндияның Хельсинка қаласындағы ұшқыштарды дайындайтын «Patria» орталығында өткізді. Академияны аяқтаған жылы Ардананың қоржынында 240 сағаттық ұшу тәжірибесі болды. Бұдан тыс ол TL-2000, Tecnam P-2002 секілді жеңіл ұшақтар мен Diamond DA42. екімоторлы ұшағын басқаруды үйреніп алды.
Кейіпкеріміз алғаш 2018 жылы әуе кеңістігіне көтерілген сәтін есіне алып, жадында ұмытылмас естелік қалғанын айтты. Л-39 оқу-жауынгерлік ұшағымен ұшса керек.
– Алғашқы ұшу жаттығуына біз жіті дайындалдық. Қорқынышы мен қаупі, қызығы қатар жүретін сол бір сәт мәңгі жадымда- дейді ол.
Ардана биыл өз карьерасында өте маңызды қадам жасады. Тұңғыш рет Су-30СМ көпфункционалды жойғыш ұшағының экипаж командирі ретінде зеңгір көкке көтерулі тек Ардананың ғана емес, бүкіл Қарулы Күштердің тарихына айтулы оқиға ретінде енді.
Армиядағы айымды жалғыз ұшаққа отырғызып, жойғыш әуе кемесін басқаруға рұқсатын беру үшін тапсырған сынағын Қазақстан Республикасы Әуе Қорғанысы Күштерінің бас қолбасшысы генерал-лейтенант Нұрлан Орманбетов өзі қабылдаған.
– Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында тұңғыш рет экипаж командирі ретінде Су-30СМ ұшағын ұшқыш әйел басқарып, әуеге көтерілді. Ардананың жойғыш-ұшқыш ретінде тиянақты дайындығы мен талпынысын сондай-ақ еліміздің әуе шекарасын қорғауға қосқысы келетін үлесін атап өтпеске болмайды. Ол бұл әрекетімен жауынгерлік авиацияда әйелдер де ерлермен тең қызмет ете алатынын дәлелдеді,- дейді генерал-лейтенант Нұрлан Орманбетов.
Су-30СМ – көпфункционалды 4++ буынына жататын жойғыш ұшақ. Әуе кемесі күн райының қолайлы, қолаңсыз екендігіне қарамастан, күн демей түн демей, әуе кеңстігіне барлау жүргізіп, зеңгір көктегі немесе жердегі тіпті теңіздегі нысананы жоюға қабілетті.
– Аталған ұшақта жалғыз ұшу – қызметтік мансабымдағы маңызды қадам,- дейді аға ұшқыш. – Жеке дара ұшу үшін мен бірнеше ай бойы Талдықорған әуе базасында дайындалдым. Әлбетте біз жеке жоспарға сай бірнеше жаттығуды қоса отырып яғни тренажер мен ұшақта керек әдістерді үйрендім. Арнайы жаттығулардан кейін ұшқыш маманға арнайы рұқсат қағазы беріледі. Сол рұқсатпен ғана әуеге көтерілуге мүмкіндік бар. Экипаж командирі ретінде менің мойыныма бірнеше міндет жүктеледі. Әуелі ол бүкіл экипажға жауап береді, бортта не болып жатқанын қадағалайды.
Қазақ армиясы сапында әскери қызмет атқарып жүрген жалғыз әскери ұшқыш әйел Ардана Ботай ұшқыш болу – бұл тек әдемі көрініс пен романтика ғана емес, сағаттар бойы жаттығу залында төгілген тер екенін алға тартады.
– Біздің жұмысымыздағы басты нәрсе – өз мақсатыңды бағындыру жолында шаршамау және үйренуден жалықпау. Мен үшін Отаным мен отбасыма деген ерекше махаббат, сенім маңызды. Әскери авиацияда жүрген жалғыз қыз ретінде бірінші кезекте жауапкершілік жоғары тұратынын айтқым келеді. Мен өзгелерге үлгі бола алуым керек, себебі болашақта авиация саласына келгісі келетін нәзік жандылардың талпынысын менің еңбегіме, жауапкершілігіме, табандылығыма қарап бағалайды деген ойдамын. Болашақта ұшу машығымды жетілдіріп, белгіленген бағдарламаға сай дене жаттығуларымен шұғылдануды көздеймін. Оқу бағдарламасына сәйкес құрлықта, әуедегі нысандарда және топтық ұшуларда жауынгерлік қызметтегі мүмкіншіліктерімді арттыру мақсатында техниканы жетілдіріп, дағдыларды дамытуды алдыма мақсат етіп қойдым,- деді Ардана Ботай.
Суреттер ҚР Қорғаныс министрлігі
Баспасөз қызметінің рұқсатымен
жарияланды.