Әрбір образды шығаруға 20 минут ғана беріледі. Сиқырлы мамандық гримердің бір күні

19 Қазан 2023, 14:14 1490

Кез келген актердің белгілі бір кейіпкерді сәтті сомдап шығуы үшін гримнің көмегі орасан зор. Грим сөзі француз тілінен аударғанда «күлкілі» және «қызықты» деген мағынаны береді екен. Сондықтанда біз бүгін  El.kz ақпараттық агенттігінің «Еңбек адамы» айдарының кезекті шығарылымына «Жастар» театрының суретші-гримері Айдана Маратқызын кейіпкер еттік.

Айдана Қазақ ұлттық өнер университетінде «Сценография – театр, кино және теледидар гримі» мамандығы бойынша білім алған. Оқуын тәмамдағаннан кейін алғаш мансап жолын «Astana Musical» театрынан бастайды.

Бірінші рет «Ромео мен Джульетта» қойылымына кейіпкерлерді дайындадым. Маған үлкен жауапкершілік артылғандықтан, бастапқыда артистерді бояндырып үлгермей қаламын ба деген қорқыныш болғанын жасырмаймын. Себебі кейіпкерлердің бетін әрлеуге орташа 10 минут, әрі кетсе 20 минут уақыт беріледі. Сол аралықта адамның бетін де, шашын да реттеп, толыққанды образын дайындау қажет. Бірақ барлығы ойдағыдай сәтті өтті. Көрерменге қойылым ұнады деген ойдамын, - деді ол.

Кейіпкеріміздің ресми түрде алғаш жұмысқа орналасқан орны – «Жастар» театры. Оның мұнда қызмет етіп жүргеніне жалпы 8 жылға жуықтаған.

Айдананың театрдағы нақты жұмыс уақыты белгіленбеген екен. Ол суретші-гример болып қызмет ететіндіктен, өзі қойылымның уақытына қарай ыңғайласады. Бүгін «Су перизаты» атты балалар ертегісінің қойылымы көрсетілмек. Біз гримердің ертегі кейіпкерлерінің образын қалай дайындайтынын көру үшін арнайы «Жастар» театрына жол тарттық.

Спектакль сағат 11:00-де басталады. Айдана актерлердің образын жасап үлгеру үшін жұмысқа сағат 10:00-ден бастап кірісіп кетті. Бірінші болып ол ертегідегі жағымсыз кейіпкер «Урсуланың» образын дайындады.

Маған жағымсыз кейіпкерлердің образын жасаған ұнайды. Ол жерде шығармашылық еркіндік бар. Әдемі образды күнделікті өмірде де жасап жүрміз ғой. Сондықтан әртістерді өзгелерден ерекшелендіргенді ұнатамын, - деді суретші-гример.

Бүгін «Урсуланың» рөлін актриса Айман Есенқызы ойнайды. Ол театрда Айдананың орны ерекше екенін жасырмады.

Біз Айданаға әбден үйреніп қалдық. Кейде гримерді тіпті шырылдап іздеп кетеміз. Жасаған образдары көңілімнен шығады. Ол үнемі ізденіс үстінде жүретін тұлға. Қандай да бір жаңа қойылым пайда болса, оны тамашалап барып, образға қатысты өз ойын қосады, - деді актриса.

Ал ертегінің басты кейіпкері «Ариэль» - актриса Ләззат Қуанышева.

Театрымызға осы уақытқа дейін қаншама гример келіп-кетті. Бірақ Айдана жұмысқа тұрғалы бері жанымызда жүр. Жұмысын өте жақсы атқарады. Әр ісіне жауапкершілікпен, ұқыптылықпен қарайды, - деді Ләззат.

Гример қандай да бір жаңа дүние пайда болса, оны жасап көруге әрдайым ұмтылады.

Жаңашылдықтан қорықпау қажет. Керісінше жаңа дүниені бірінші болып жасап көруге ынтық болу керек. Кейде әртістердің өзі де түрлі ұсыныспен келеді. Оны іске асыру арқылы сен өзіңнің біліктілігіңді шыңдайсың, - деді суретші-гример.

Айдананың айтуынша, кейіпкерлердің образын дайындап шығуға артистер де өз үлесін қосады екен. Оған бетін әрлеуге қатысты әртүрлі кеңес беріп, маман ретінде қиялын жүзеге асыруға атсалысады. Кейде гример қыз жұмысын істеп үлгермей жатса, актерлер өздерін өзі бояндырады. Себебі кейіпкеріміз физикалық тұрғыдан барлық әртісті бояндыру мүмкін еместігін айтады.

Күніне кем дегенде 4-5 актердің бетін әрлеймін. Жалпы театрымыздан 40-тан аса артист жұмыс істейді. Оның бәрінің образын жалғыз дайындап үлгермеймін ғой. Сондықтан актерлер де маған көмектеседі, - деді ол.

Суретші-гример театрға келетін бояулардың сапасына көңілі онша тола қоймайтынын айтты.

Бұрында біз керек заттың барлығын өзіміз дүкенге барып, сатып алып, кейін оның түбіртегін жіберетін едік. Ал қазір театрға қажетті тауарлар тендер арқылы келеді ғой. Мәселен, қажетті бояуларды өзің таңдап алмағаннан кейін қиын. Сапасы жоғары деп айта алмаймын, - деді кейіпкеріміз.

Сондай-ақ әңгіме барысында Айдана Маратқызы жұмысының қиын жағына да тоқтала кетті.

Оқу оқып жүрген кезде ұстаздарымыз «артистер ермексаз секілді болуы керек. Олардан кез келген дүниені жасап шығаруың қажет» деп айтатын. Бірақ кей кезде, өкінішке орай режиссердің таңдаған актерінің түрі сомдағалы жатқан кейіпкерінің образына келмеуі мүмкін. Мұндай сәтте қаншалықты кейіпкердің образын жасауға тырыссаң да ол өзіңнің көңіліңнен шықпай қалуы ықтимал, - дейді гример.

Айдана «гример» мамандығына түсуші жас буынға теориядан гөрі практикаға басымдық беру қажет деп есептейтінін жеткізді.

Гример – теория жүзінде ғана білім алатын мамандық емес. Ол – көбіне практиканы талап ететін мансап. Жобалардан қалмай, жұмыс істей беру керек. Сонда қол әбден жаттығатын болады,  - дейді ол.

Ол бос уақытында театрдан бөлек, телеарналарда өтетін түрлі жобаға барып қызмет етеді.

Бос уақытымда көбіне түрлі жобамен жұмыс істеймін. Мені Астанада көпшілік гример ретінде жақсы таниды. Олар арнайы өздері ұсыныс жасап, жобаларға шақыртады. Содан барып мен киноға, бағдарламаға түсіп жатқан адамдарды эфирге дайындаймын. Жақында ғана 2 жобаны аяқтадым, - дейді кейіпкеріміз.

Кейіпкерлерге грим жасап жатқан Айданамен сұхбаттасамыз деп уақыттың қалай өткенін байқамай қалдық. Әне-міне дегенше сағат 11:00-ше жетіп, «Су перизаты» ертегісі басталып кетті.

Әртістер бірінен соң бірі шығып өзінің сахнадағы рөлін алып шықты.

Бұл ертегі болғаннан кейін көрерменнің басым көпшілігі балалар. Жеткіншектердің кейіпкерлердің шынайылығына сеніп, ойынына риза болғанын сахнадағы эмоциясынан, қол шапалақтап, қошемет көрсеткенінен аңғаруға болады.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: