Қарашөкеев: ИЫҰ елдері азық-түлік тасымалының жаңа бағытын қалыптастыруы қажет

11 Қазан 2022, 22:37 1510

Өкінішке орай, біз ИЫҰ-ға мүше елдердегі азық-түлік импортының едәуір бөлігі мұсылман емес елдерге тиесілі екенін айтамыз.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының (АҚИҰ) V Бас Ассамблеясына қатысты, деп хабарлайды EL.KZ министрлікке сілтеме жасап. 

Қазақстан 2022 жылы бұл ұйымға төрағалық етіп жатыр. Ербол Қарашөкеев Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының кейбір елдері, атап айтқанда, COVID-19 пандемиясы кезеңінде тап болған азық-түлік дағдарысы мәселесін шешудегі ұйымның қосқан елеулі үлесін атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы АҚИҰ-ның өзара іс-қимылы шеңберінде бір жыл ішінде істелген жұмысты және Қазақстан жақын болашақта ұйымға қатысушы барлық елдер үшін басымдық деп санайтын міндеттер туралы айтып берді.

Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ елдеріміздің арасындағы азық-түлік тауарларын жеткізудің жаңа бағыттарын қалыптастыру қажет. Өкінішке орай, біз ИЫҰ-ға мүше елдердегі азық-түлік импортының едәуір бөлігі мұсылман емес елдерге тиесілі екенін айтамыз. Мұның объективті себептері де бар, бірақ басты себеп - көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіздігі болып отыр. Бұл мәселені шешу үшін жеткілікті ресурстар бөлгенде, біз мұсылман елдерінің тұрақты және өзін-өзі қамтамасыз етіп, дамуы үшін қуатты негіз құратын боламыз. Бұл мәселе экономикалық даму сатысына қарамастан, ИЫҰ-ға мүше әрбір мемлекеттің мүддесіне сай келеді, - деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігінің жағдайына әсер ететін маңызды мәселе климаттың өзгеруіне байланысты тәуекелдер болып табылады. Сондықтан Қазақстан биылғы жылы ұйымның төрағасы ретінде бұл мәселені кеңінен насихаттау, осы салада білім мен тәжірибе алмасу, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу қажет деп санайды.

 Ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі маңызды болып қала береді. Ұйым осы бағытта өз қызметін жандандыруы қажет деп санаймыз, өйткені біздің елдерімізде су тапшылығы проблемасы қауіпті масштабтарды қабылдап жатыр, - деп толықтырды министр.

Ербол Қарашөкеев сондай-ақ АҚИҰ-ға мүше елдерді ислам ынтымақтастығы қағидаттарын ұстануға және апатқа ұшыраған мемлекеттерге гуманитарлық көмекті қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырды.

Өз тарапынан Қазақстан ИЫҰ-ның белсенді және жауапты мүшесі және экологиялық таза аграрлық өнімді ірі өндірушілер мен экспорттаушылардың бірі бола отырып, ИЫҰ кеңістігіндегі азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге елеулі үлес қосуға дайын, - деп қорытындылады ҚР Ауыл шаруашылығы министрі.

Айта кетейік, АҚИҰ құрамына Ислам әлемінің 37 мемлекеті кіреді және оның қызметі ауыл шаруашылығы мен азық-түлік әлеуетін дамыту саласындағы күш-жігерді жұмылдыруға бағытталған.

EL.KZ
Бөлісу: