Арал теңізінің тартылуы адамзат алдында тұрған ең ауқымды экологиялық апаттардың бірі саналады. Бір кездері аймақтың климаты мен экономикасына тікелей әсер еткен теңіздің бүгінде шамамен 90 пайызы құрғап қалған. Аумағы 6 миллион гектарға жуық теңіз табанында судың болмауы салдарынан құм мен тұз ауаға көтеріліп, экологияға, халықтың денсаулығына және ауыл шаруашылығына зор зиян келтіріп отыр. Су ресурстарының тапшылығы Арал мәселесін тек экологиялық емес, әлеуметтік-экономикалық қатерге айналдырды.
Бұл түйткіл мемлекет деңгейінде де басымдыққа ие. Жақында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі мен экологиялық тұрақтылықтың ел болашағы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Президент климаттың өзгеруі жағдайында су тапшылығы күшейе түсетінін ескертіп, бұл мәселені ұзақмерзімді ұлттық міндет ретінде қарастыру қажеттігін айтты.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану – еліміздің тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі. Бұл бағытта жүйелі әрі нақты шешімдер қабылдауымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Арал мәселесі халықаралық ғылыми қауымдастықтың да назарында. Ташкент қаласында Киото университеті ғылыми орталығының бастамасымен өткен жиында су үнемдеу және құрғаған теңіз табанын көгалдандыру мәселелері кеңінен талқыланды. Ғалымдар мұндай ауқымды экологиялық проблеманы тек ғылыми негізделген тәсілдер мен мемлекетаралық ынтымақтастық арқылы шешуге болатынын атап өтті. Жиын барысында Қазақстан аумағындағы Солтүстік Арал теңізінде соңғы жылдары тіркелген оң өзгерістер ерекше айтылды.
Қазақстанда Су ресурстары саласындағы уәкілетті органның бастамасымен үнемделген су Солтүстік Аралға бағытталып, экожүйе біртіндеп қалпына келетін болады. Су деңгейінің көтерілуі балық қорының артуына және өңір климатының жұмсаруына ықпал етуде. Экологиялық ахуалды жақсартудың тағы бір маңызды бағыты – Арал теңізінің құрғаған табанын көгалдандыру. Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп жүзеге асырып жатқан ағаш егу жобасы осы мақсатқа бағытталған. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Зиновий Новицкий бұл бастаманың тиімділігін атап өтті:
Қызылорда облысының Қазалы ауданында ағаш питомнигі жұмыс істеп тұр. Бұл – өте жақсы жоба. Енді дәл осындай питомникті Қарақалпақстанда ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша екі ел бір технология бойынша жұмыс істейді, – деді ол.
Ғалымның айтуынша, тәжірибе алмасу арқылы Арал мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бар. Өзбекстан тарапы да халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән беріп отыр. Өзбекстанның Орман шаруашылығы агенттігі басшысының орынбасары Хаджимурат Толипов су үнемдеу мәселесінің өңір үшін стратегиялық маңызын тоқталды.
Жапон ғалымдарының су үнемдеу жөніндегі ұсыныстары назарға алынды. Себебі Орталық Азия үшін суды ақылмен пайдалану өте маңызды. Климаттың өзгеруі өз әсерін тигізіп жатыр, – деді ол.
Оның айтуынша, халықаралық ұйымдармен әріптестік пен су дипломатиясын дамыту алдағы кезеңде шешуші рөл атқарады.
Әлемдік тәжірибе де бұл бағыттың дұрыстығын дәлелдейді. Қытайда шөлейттенуге қарсы кең ауқымды көгалдандыру бағдарламалары құм көшкіндерінің алдын алуға көмектесті. Израильде су тапшылығы жағдайында суды үнемдеу, тазарту және қайта пайдалану технологиялары ауыл шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отыр. Ал АҚШ пен Еуропа елдерінде өзен алаптарын басқару ғылыми мониторингке негізделіп, су теңгерімі қатаң бақылауда ұсталады. Бұл тәжірибелер табиғи ресурстарды ұтымды басқарудың экологиялық әрі экономикалық тиімді екенін көрсетеді.
Сарапшылардың болжамынша, Орталық Азияда су мәселесі алдағы жылдары одан әрі күрделене түсуі мүмкін. Сондықтан Аралды құтқару – жекелеген жобалармен шектелмейтін, мемлекетаралық ынтымақтастық пен ұзақмерзімді саясатты талап ететін ортақ міндет. Ұлттық құрылтайда көтерілген бұл мәселе нақты іс-қимылмен жалғасқанда ғана өңірде экологиялық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады.
Арал тағдыры – табиғат алдындағы жауапкершілігіміздің айқын көрінісі. Бүгін жасалған әрбір нақты қадам ертеңгі ұрпақтың өмір сүру сапасын айқындайды. Сондықтан Аралды сақтау – баршаға ортақ міндет.