Араб инвесторлары Қазақстанмен су саласында ынтымақтастық орнатуға ниетті

10 Қыркүйек, 10:03 336

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Араб үйлестіру тобының өкілдері – Сауд Даму Қорының (SFD) бас директоры Сұлтан Абдулрахман әл-Маршади және ОПЕК қорының президенті, доктор Абдулхамид Алхалифамен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нұржан Нұржігітов ынтымақтастық мүмкіндіктері мен жүзеге асыруға болатын жобаларды талқылады. Атап айтқанда, шетелдік инвесторларға Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында көзделген су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау жөніндегі жұмыстар туралы айтып берді.
 
Министр инвесторларға су саласын, жерасты суларын автоматтандыру және цифрландыру, топтық су құбырларын қайта жаңғырту және маман даярлау саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін де қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, тараптар Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығының және Ұлттық гидрогеологиялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін талқылады.

Шетелдік инвесторлар өз кезегінде министрліктің жобаларына қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Тараптар талқылауды бірлескен жұмыс топтары шеңберінде жалғастыруға келісті.

Біз Ислам даму банкімен келіссөздер хаттамасына қол қойдық. Осы арқылы Қазақстанның су саласына қомақты инвестиция әкелетін келісімдерді әзірлеу және оған қол қоюға мүмкіндік беретін келесі кезеңге өттік. Мемлекет басшысы еліміздің су саласына инвестиция тартудың маңызын атап өтті, сондықтан біз халықаралық қаржы институттарымен белсенді келіссөз жүргізіп жатырмыз, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: