Қарағандыда ірі қара мал қырылып жатыр

14 Маусым 2022, 15:29 1906

Қарағанды облысының Шет ауданында 76 бас сиыр мен бұзау қырылды. Тағы 150-ден астам мал бақылауда, деп хабарлайды El.kz «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Ауру жануарлардың еті сөрелерге түспеуі үшін Ақшоқы кентінде санитарлық бекет қойылып, ұшалары арнайы пештерде өртеледі.Фермерлердің айтуынша, мал бірнеше күн ішінде летаргия, дірілдеу, дене қызуы және тамақтанудан бас тарту сияқты бірдей белгілермен ауырып, қырылған.

Жергілікті ветеринарлар малдың қырылуына анаэробты инфекцияның таралуы әсер еткенін айтады, себебі мал тиісті вакцинамен егілмеген.

Қарағанды облысының ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков вакцинация жоспары Украинадағы қарулы қақтығысқа байланысты орындалмағанын мәлімдеді.

«Біз бірден жұқпалы ауруға күдіктенеміз. Неліктен анаэробтарға? Себебі жоспар бойынша бұл ауылда біз 3 мың басты вакцинациялауымыз керек, ал бізде вакцина болмағандықтан малдың 25%-ын ғана вакцинацияладық. Украина да, Ресей де бізге вакцина жеткізетін. Диагностика Украинадан келе жатыр. Жоспарлы вакцинация бойынша біз де қажетті көлемді алмадық», дейді ол.

Мамандардың айтуынша, аурудың таралуына даладағы құрғақ ыстық ауа-райы ықпал еткен.

Бөлісу: