Қарағандыда «Wiedergeburt» неміс орталығының 30-жылдығы кеңінен аталып өтті

15 Сәуір 2019, 00:00 1779

Қарағанды Достық үйінде «Wiedergeburt» неміс орталығының  30 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті. Қонақжай қазақ жеріне 1939-1941 жылдардағы сұрапыл кезеңде келіп, осы жерден пана тапқан неміс ұлты  өткенін  ешқашан ұмытпақ емес және қазақ халқына айтар алғысы шексіз. «Қайта жандану» деген мағынаны білдіретін атауы бар орталық сонау 1989 жылы құрылып, қазақ жеріндегі алғашқы этномәдени бірлестіктердің қатарында болды. Бүгін 30 жылдық мерейтойын тойлаған неміс орталығының  сол кездегі мақсаты ата салттарын ұмытпау, келер ұрпақтарына ұмыт қалған дәстүрлерін үйретіп, тілін жандандыру еді.  Орталықтың өткізген іс шарасына қарап-ақ ол мақсаттардың толығымен орындалғанын көруге болады.     

Қазақстанда тұратын 180 мың неміс ұлтының өкілдеріне барлық жағдай жасалған. «Wiedergeburt» мәдени орталығы тек неміс ұлтының өкілдеріне ғана емес, ол жерден қазақ, орыс, украин, поляк т.б ұлт өкілдерін жиі кездестіруге болады. Орталықта тіл оқыту курсы, балаларға арналған түрлі үйірмелер, театр шеберлігі сабақтары өткізіліп тұрады.

30 жылғы еңбектің нәтижесі болар, қазір орталықтың  абыройы асқақ, беделі жоғары, тәжірибесі мол. Орталық жастарының да аталар аманатына, тілі мен салт-дәстүріне деген құрметі шексіз. Мерейтойдың алғашқы сөз кезегі орталық төрағасы Виктор Кист мырзаға берілді. Өз сөзінде ол келген қонақтарды мерейтоймен құттықтап, Қарағандыда  көптеген ұлт өкілдерінің бірлік пен ынтымақта  ғұмыр кешіп келе жатқанын тілге тиек етті.

Қаладағы барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосу мақсатымен үш жыл бұрын Достық үйі ашылған еді. Бүгінгі күні мұнда 22 этно бірлестік орталықтары белсенді жұмыс атқаруда. Сондай бірлестіктердің  бірі саналатын  - «Wiedergeburt » орталығының құрылуы мен дамуының тарихы ерекше.

Мереке  жанға жылу сыйлайтын ерекше шара болды. Достық үйі холлына бірлестік мүшелерінің қолдан жасаған түрлі бұйымдары, картиналары мен қолөнер туындылары ұйымдастырылған көрмеге қойылды.

Орталық – құрылған жылдардан бері бірлестік белсенділері қалалық және республикалық байқаулардың тұрақты қатысушылары. Бірлестік ішінде ұлттық мерекелер тойланып, түрлі кездесулер мен әдеби кештер өткізіліп тұрады.

Атап өтейік, аталмыш орталықтың құрылуына себепкер болған Виктория Кист ханым Германиядан арнайы келіп, кеншілер астанасында қонақ болды. Ол аталмыш орталықтың құрылуына кезінде мұрындық болған жандардың бірі. «Мереке құтты болсын. Бүгінгі кездесуге өте қуаныштымын. Мен кезінде неміс орталығының жанындағы театрда рольдер ойнағанмын. Қазақстандағы татулық, келісім мен бейбітшілік әрі қарай сақталуына тілектеспін», - деді Виктория Викторовна.

Мерейтойға жиналғандар неміс ұлтының түрлі әндері мен көңілді билерін тамашалады. Балабақша тәрбиеленушілерінің қойған шағын спектаклі көрерменнің ерекше назарын аудартты. Сахналанған қойылымда Сарыарқа даласынан алғаш көмір тапқан қарапайым қойшы бала Аппақ Байжанов жайлы айтылып, қаланың қонақжайлығы таныстырылды.

Бөлісу: