Қарағандыда полиция қызметкері қала тұрғынын интернет-алаяқтарынан құтқарды, – деп хабарлайды El.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Данияр Нарынбековтің қырағылығының арқасында интернет-алаяқтары ойлаған жымысқы әрекеттерін соңына дейін жеткізе алмады. Полиция қызметкері Криминалдық полиция басқармасы кибер қылмысқа қарсы күрес бөлімінде қызмет атқарады. Сондықтан да интернет-алаяқтығымен күресу – оның басты міндеттерінің бірі.
24 тамыз күні полиция қызметкері жұмыстан тыс уақытта дүкенге кіріп, сонда орналасқан терминал арқылы өзінің есепшотын тексермекші болған. Сол уақытта полицей екінші терминалда тұрған егде жастағы азаматшаны байқаған.
Азаматша ұялы телефон арқылы белгісіз біреумен сөйлесіп тұрып, солардың айтқанымен терминалдан «Банк қызметі» атты торды басып жатқан. – Зейнеткер ұялы телефон арқылы біреудің айтқанымен операция жасап жатқанын бірден сездім. Өйткені азаматша терминалға ұялы телефонмен өзгенің айтқанын теріп, сөмкесінен қомақты қаржы алып шықты. Осы кезде мен ол кісіге келіп, өзімнің полиция қызметкері екенімді айттым. Сөйттім де ол кісінің қолындағы ұялы телефонын маған беруді өтіндім. Телефонды алғанымда тұтқаның арғы жағынан «Ешкімге ештеңе айтпаңыз», «Ол алаяқ болуы мүмкін» деген дауыс естідім. Бұл ескерту зейнеткерге айтылған шығар. Алайда ұялы телефон менде болған. Мен олардан «Сіз кімсіз?» деп сұрағанымда «Нұр-Сұлтан қаласынан Ұлттық банк қызметкерімін» деп жауап берді. Мен оларға өзімді полиция қызметкерімін деп таныстырғанымда олар бірден ұялы телефонын қоя салды, – дейді Данияр Нарынбеков.
Осылайша полиция қызмектерінің қырағылығының арқасында 69 жасар азаматша бір топ алаяқтардың арбауынан құтылды.
– Мені біреу дуалап тастағандай болды. Уақытылы менің ісіме араласып, мені алаяқтардан аман алып қалған Даниярға рақмет. Ол мені полиция бөліміне алып келіп, барлығын түсіндірді, – дейді зейнеткер.
Белгілі болғандай, азаматша қаладағы банктердің бірінде өзінің есеп шотына ақша салған. Банктен шығып, салынған ақша есеп шотына түскен-түспегенін тексермекші болғанда оған ұялы телефонына белгісіз біреулер қоңырау соққан. – Бейтаныс нөмірден қоңырау түсті.
Белгісіз қыз Нұр-Сұлтан қаласынан Ұлттық банктенмін деп өзін таныстырды. Сөйтті де белгісіз біреулер сіздің атыңызға несие рәсімдегелі жатыр. Алайда қауіпсіздік қызметі олардың жолын кесті. Қазіргі уақытта ол қызметкерлер сіздің атыңызға кім несие рәсімдегенін анықтап жатыр. Ол жерде полиция қызметкерлері де қатысы болуы мүмкін. Сіз бұл жағдайды ешкімге айтпаңыз деді. Сондықтан да осындай жағдайға түсіп қалғанымды мен жолдасыма да айтпадым.
Менімен сол сәтте бірден үш «алаяқ» жұмыс жасады. Бірі өзін банк қызметкерімін десе, енді бірі тергеуші, бірі криминалдық полицияданмын деді. Олар маған алаяқты табу үшін банктен 4 миллион несие рәсімдеу керектігін айтты. Мен зейнеткер екенімді айтып, маған ондай несие бермейтінін түсіндірдім. Сол кезде «қанша берсе, сонша сомма алыңыз» деді. Маған банк 600 мың теңге ақша берді. Ақшаны алғаннан кейін алаяқтардың айтуымен дүкенге кіріп, терминал арқылы олар айтқан есеп шотқа ақша салмақшы болдым. Ұялы телефонмен сөйлесу барысында алаяқтар үнемі маған ешкіммен сөйлеспеуімді айтып отырды. Алайда менің маңдайыма алаяқтың құрбаны болу жазылмапты. Өйткені қасымда қиын сәтте полиция қызметкері кездесті. Оған дән ризамын, – деді 69 жастағы зейнеткер.
– Ұлттық банк, құқық қорғау органының қызметкерлері ешқашан азаматтарға қоңырау соқпайды. Сондықтан да сіздерге жоғарыда аталған қызметкерлердің атынан телефон соқса ешқашан олармен сөйлесіп қажет емес. Сондай-ақ, алаяқтар WhatsApp желісіндегі бейне сөйлесуден бас тартады. Оларға бейнебайланыс арқылы сөйлесуді айтсаңыз олар бірден бас тартады. Қала тұрғындарынан полиция қызметкерлерінің ескертпелеріне құлақ асып, алаяқтың құрбаны болмауға, сақтық шараларын сақтауға шақырамыз, – деді жедел уәкіл Данияр Нарынбеков.