Қарағандыда «Абай оқулары» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды

20 Мамыр 2019, 10:52 5298
Қарағандының Достық үйінде мектеп оқушылары арасында республикалық ХХ Абай оқуларының облыстық кезеңі өтті.
Сайысқа жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың оқушылары қатысты. 

Қарағанды облысы білім басқармасының, «Сарыарқа дарыны» оқушыларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен және облыстық Ассамблеяның қолдауымен өткен байқаудың мақсаты – мектеп оқушылары арасында хәкім Абайдың, Шәкәрімнің шығармаларын насихаттау. 
Сондай-ақ, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту, ұлылар поэзиясына, рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу. Өскелең ұрпақтың тарихи танымын, сана-сезімдерін және өмірлік айқындамаларын қалыптастыру өте маңызды. 
Төрт номинация бойынша өткізілген байқауда қатысушы Абай және Шәкәрімнің бірнеше шығармаларын жатқа айтып,«Көңілім әнді ұғады» номинациясы бойынша әндер мен күйлер орындауы тиіс. Енді бірі – «Ұлылар әлемі» номинациясы, мұнда Абай және Шәкәрім еңбектеріне эссе жазылды.
Бұған дейін қалалар мен аудандарда өткен аталмыш байқаудан оза шапқандар облыстық кезеңге өтті. Ал, республикалық кезеңге олар ағымдағы жылдың тамызында қатысады. Атап кету керек, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге өзіндік атсалысып жүрген жас этнос өкілдері де шығармаларды жатқа оқудан көзге түсті. Мысалы, «Көзімнің қарасын» тамылжыта орындаған орыс қызы Любовь Попова әділ қазылар мен көрерменнің қошеметіне бөлінді. Ең жас қатысушы - 10 жасар Абзал Мұқашевтың аса үлкен дайындықпен келгені көрініп ақ тұрды.

Сонымен, абайтанушы, филолог, ақындардан құралған әділ қазылар алқасының шешімімен жезқазғандық Адина Әбсадықова өз шығармаларын оқудан, Сәтбаев қаласынан келген Нарша Ибраимова «Көңілім әнді ұғады», Мұрат Ділназ «Ұлылар әлемі» номинациялары бойынша жүлделі бірінші орындарды иеленді. Барлық өнерпаздар алғыс хаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу: