Қарағандыда «Қоғамдық келісім» басшыларының семинар-кеңесі өтті

28 Қыркүйек 2018, 08:04 1707

Қарағанды қаласында ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен республикалық және аймақтардағы этномәдени бірлестіктердің, еліміздегі «Қоғамдық келісім» КММ басшыларына арналған тоқсан сайынғы семинар-кездесуі өтті.

Аталған алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сектор меңгерушісі Азат Жолдыбаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Виталий Тварионас, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарлары Бекзат Алтынбеков, Деспина Касапиди, ҚХА мүшелері және республика өңірлерінен келген «Қоғамдық келісім» КММ басшылары және этномәдени бірлестіктерінің төрағалары қатысты.

Келелі кездесу Достық үйіне экскурсиядан басталды. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының тұжырымдамасына негізделген Достық үйі жанындағы «Күй керуен» және Арқаның жыршылар мектебінің ақындары мен өнерлі өрендері келген қонақтарды фойеде арнаумен қарсы алды. «Шабыт» Арт-галереясы Аастаның 20 жылдығына арналған «Астана – бейбітшілік пен мейірімділіктің астанасы» атты экспозицияны ұсынды.

Көрмеге Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті түлектерінің жұмыстары қойылды. Сәндік-қолданбалы өнердің түрлі техникалары, маймен кескіндеме және графика - барлық жұмыстар жас қазақстандық суретшілердің шығармашылығындағы заманауи үрдістердің дамуын көрнекі түрде көрсетеді. Сондай-ақ, этномәдени бірлестіктер өкілдеріне киіз басу техникасын оқыту бойынша шеберлік-сыныбы өткізілді. Пленарлық отырысты ашқан Азат Жолдыбаев Қарағанды Достық үйінің жұмысын атап өтті.

Одан әрі ол «Ұлы Дала Елінің киелі мұрасы» және «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобалары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. «Аталған жобаларды әзірлеу ұлттық мәдениетті, Қазақстан халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, сақтау және дамытуға бағытталған ҚХА міндеттерді шешуге, этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар» атты мақаласында жұртшылық пен Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өткен болатын. Дәл осы бағдарлама аясында «Қазақстанның киелі географиясы» жобасының принципі анықталды. Бұл жобаның мақсаты қазақ халқының рухани құндылықтары негізінде қазақстандық бірегейлік пен патриотизмді нығайту болып табылады. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына тоқталып өту аса маңызды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, оның Ассамблеяға тікелей қатысы бар. Қоғамға ХХІ ғасырдағы халықтың бейнесін айқындайтын адамгершілік бедел қажет. Осыған байланысты, барлық негізгі тетіктер құрылып, жұмыс істеуде, жобаны іске асырудың қадамдық алгоритмі әзірленді. Кандидаттарды бағалау үшін арнайы сараптамалық кеңестер құрылған»,- деп атап өтті Азат Амандықұлы.

Отырысты әрі қарай ҚХА «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы  Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми зерттеулер кафедрасының меңгерушісі Нұрбек Шаяхметов жалғастырды. Ол аталмыш бірегей ағартушылық жоба бүкіл Қазақстанды біріктіретінін және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы этномәдени бірлестіктердің әлеуеті туралы егжей-тегжейлі тоқталып өтті.

Іс-шараның екінші бөлімінде дөңгелек үстел басында этномәдени бірлестіктердің басшылары тәжірибе алмасты. Семинар бағдарламасы «Медиация - жаңаша ойлауды қалыптастыру тәсілі» тақырыбындағы тренингтерді қамтыды. Отырыстың екінші бөлімін ашқан Бекзат Алтынбеков: «ҚХА-ның барлық шаралары Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған. Бүгінгі таңда Медиация дауларды реттеудің өзекті құралына айналуда. Біз оның орталық буыны – Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық өзара іс-қимылдың тиімді институтына айналғанын атап өтеміз», - деп тоқталып өтті.

Кәсіби медиатор, «Өзбек этномәдени орталығы» ҚБ төрағасы Шерзот Пулатов «Этносаралық медиация» тақырыбында тұщымды пікірлерін ортаға салып, адамдар арасындағы қақтығыстар мен олардың шешу жолдары туралы шағын мультфильм түріндегі сюжетті көрсетті. Жиналған кәсіби және әуесқой медиаторлар осы сюжетті талқылап, өз пікірлерін білдірді. Семинарға қатысушыларға С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының кәсіби актерлері «Бітімгершілік - бабалар дәстүрі» атты қойылым ұсынып,  қазақ даласында көптеген ғасырлар бойы дауларды шешкен билер соты мен медиация арасындағы ұқсастықтың жарқын мысалы болатындығына ерекеше назар аудартты. 

Отырыста сондай-ақ ел Президентінің Қазақстан халқына жолдаған жаңа Жолдауы талқыланды. Онда Мемлекет басшысы жүзеге асыратын 10 негізгі міндет айқындалған. Аталған басқосуда медиаторлар Президент Жолдауының барлық пункттерін талқылады.   

Шара соңында медиаторларға сертификаттар табыс етілді.

Бөлісу: