Қарағандыда ҚХА журналистер мен сарапшылар Клубының отырысы өтті

4 Қазан 2018, 10:38 1716

Қарағандыда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған журналистер мен сарапшылар клубының  кезекті отырысы өтті.

Шараның модераторы – Клубтың  төрағасы, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары  Ерсін Мұсабеков болды. Отырысқа  «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын, Клубтың белсенді мүшелері, облыстық және аймақтық БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде Клуб құрамына этномәдени бірлестік өкілдерін енгізу, БАҚ-та ҚХА-ны насихаттап, этномәдени орталықтары туралы жарияланымдарды көбірек шығару, әлеуметтік желілердегі тіркелушілер санын арттыру, Клубтың жұмысын жетілдіру мәселелері және республикалық журналистер конкурсы аясында «Шаңырақ» облыстық конкурсын ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.  

«Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын Президенттің Бес әлеуметтік бастамасының маңыздылығына және «Қазақтану» жобасына кеңірек тоқталды. «Ел дамуында  қоғамдық келісім мен бірлікті сақтаудың бірегей моделін құрған  Қазақстан халқы Ассамблеясының орны ерекше. Тәуелсіздік жылдарында көптеген саяси күштермен тығыз байланыс орната білген ұйым бүгінде елмен бірге есейіп, ауқымын кеңейтіп, конституциялық органға, ұлт бірлігінің идеологиялық тетігіне айналды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында туындап отырған аталмыш жоба Қазақстанның әр азаматына қазақ халқының дархандығын, кең пейілділігін айқындайтын, қай этносқа жататынына қарамастан ортақ мәдени құндылықтарымыздың, сондай ақ, жалпыұлттық тарихи сананың негізінде халықтың бірлігін нығайтқан Ұлттық кодқа айналды», - деді спикер.

Жиналғандарға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы атты ақпараттық кітапшалар таратылып, бүгінгі таңда Қарағандыдағы Достық үйіндегі «Күй керуен», «Арқаның жыршылар мектебі» сияқты орталықтар «Қазақтанудың» аясында ашылғаны жеткізілді.  

Бұдан соң, сөз алған облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі, танымал журналист, этносаралық достықтың жаршысы болып жүрген Светалана Свич әріптестеріне ҚХА жұмысын дамытып, Клубқа мүше болған жаңа әріптестеріне бірлесе жұмыс істеудің  нәтижелі әрі қажет екенін айтты. Сонымен қатар, жоғарыда айтылған жобалар аясында жүзеге асыратын біраз жұмыстардың жоспарланып отырғанына тоқталып өтті.

Блогер, «Орталық кз» порталының тілшісі Нұрлыхан Қалқаманұлы қазіргі БАҚ-тағы тіл тазалығы мен жазу мәдениетіне қатысты өз пікірін ортаға салды.

Клуб мүшесі, «Алтын жүрек» иегері Нияз Сүндеталиев әлеуметтік желілердегі теріс ақпараттардың алдын-алу жолдарымен, тіркелу санын көбейту туралы өз ойымен бөлісті.

Жиын соңында журналистика саласындағы жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін облыстық  «Шаңырақ» байқауының қазылар мүшесі тағайындалып, жоспар бойынша өткізілетін келесі отырыстың күні белгіленді.

Бөлісу: