Қарағандыда Бұқар жырау шығармаларын орындайтын ерекше таланттар анықталды

25 Қазан 2018, 10:50 2752

Қарағандының Достық үйінде Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған «Даланың дара данасы» атты облыстық байқау өтті.

Қазақ жыраулар поэзиясының алыбы, Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жырау Қалқаманұлының  мерейтойы жыл бойы ауқымды шаралармен  аталып келеді.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы, Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған бұл байқаудың мақсаты - Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері арасында Бұқар жырау шығармашылығын насихаттауды күшейту. Бұқар жырау шығармаларын орындайтын ерекше таланттарды  анықтап, қолдау көрсету, жырау шығармаларына жас ұрпақтың қызығушылығын арттыру.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылардың айтуынша осы жыр додасы арқылы қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, құндылықтарын насихаттауға  бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы негізінде этномәдени бірлестіктерді, ҚХА құрылымдарын, өнерпаздарды, жастарды, оқушыларды т.б. көпшілік өкілдерін, ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысын топтастырып, ел бірлігі мен сөз шындығын ту еткен әйгілі жырау, ойшыл дана, «Көмекей әулие» атанған көреген қайраткер Бұқар жырау Қалқаманұлының мұрасын дәріптеу және қазақ халқының жыршы-жыраулық дәстүрін жаңғыртып, насихаттау да басты мақсаттардың бірі болған.  

Достық үйінің фойесінде Бұқар жырау ауданы Доскей өнер мектебінің ұлт аспаптар оркестрі музыкалық шығармалар орындап, меркелік көңіл күй сыйлады.

Ұлтқа бөлінбей, татулықты ту етіп, өнерлерін ортаға салмаққа келген сайыскерлердің мақсаты біреу – Бұқар баба жырларын төгілте оқып, насихаттау.  

Қазақ және орыс тілдерінде шараны жүргізген Марина Галяс байқау қатысушыларын жеке-жеке таныстырып, мағлұмат берді. Байқауға облыс қана емес, алыс-жақын Түркия мен Өзбекстан азаматтары да қатысуға ниет білдірді.

Сайыскерлерді қазылар орындау шеберлігі, сахналық киімі мен мәдениеті үшін әр номинация бойынша жеке анықтады. Тағы бір ерекшелігі, қатысушылардың  жасына шек қойылмады. Іріктеу кезеңінде облыстың әр өңірінен 100 ден аса өтінім берілген, алайда облыстық деңгейге 22 үміткер ғана өткен.

Неміс, түрік, орыс, қазақ тілдерінде жыр оқыған сайыскерлердің мықты дайындығы байқалды. Қуантарлығы, шығармаларды қазақ тілінде сонша ыждахаттылықпен, құрметпен, нақышына келтіріп оқыған үміткерлерге көрермен қошамет көрсетіп, ықыластарын аямады.

Бағдарлама арасында Достық үйінің ішінен ашылған «Күй керуен» орталығының мүшесі, шертпе күйші Қалкен Қасымов өнер көрсетті. Қорытынды бойынша жеңіс тұғырынан көрініп, бірінші орын иеленген  Приозерск қаласының № 2 мектептің алтыншы сынып оқушысы Владимир Кузнецов қуаныштан көзіне жас алды. Арқалы, өнерлі балаға берілген оң баға үшін жиналғандар тілектестік білдіріп, бірге қуанды.

Екінші орынды «Болашақ» колледжінің студенті Алина Филатова, үшінші орынды «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі Зарина Сафарова иемденіп, ақшалай сертификаттарға ие болды.

Айта кету керек, Зарина жыраудың «Тілек» толғауын түрік тіліне өзі аударған. Қалған қатысушыларға  марапаттау қағаздары мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

«Бұқар жыраудың шығармаларын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындау» номинациясы бойынша Бұқар жырау ауданы Баймырза ауылының «Славяночка» этномәдени бірлестігі үздік деп танылды.

Бір ананың баласындай ат салысып, татулық пен бірлікте бас қосқан тағылымды шарадан мынандай ой түйілді:  қазақтың әсем ұлттық киімі қай этнос өкіліне де жарасады екен және «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп өзі айтып кеткендей, Бұқар баба жырлары мәңгілік. Бүгінгі шара осының жарқын көрінісі.

 

 

Бөлісу: