Қарағандыда Аналар кеңесінде жастар тәрбиесіне қатысты мәселелер талқыланды

4 Ақпан 2019, 06:04 2341

Қарағанды қаласының Достық үйінде өткен Аналар кеңесінің биылғы жылдағы отырысында жастар тәрбиесі бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды дамытудың жайы сараланды.

Елбасы Жолдауындағы басты бағыттарды әйелдер қауымы болып жүзеге асыру және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар пысықталды.

Биылғы жыл – «Жастар жылы» болып жарияланып, салтанатты түрде басталғандықтан, жастарды үйлестіру кеңестерімен, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабымен бірлесе атқарар жұмыс жетерлік.

Отырыс барысында жыл бойына ҚХА-ның бастамасымен өтетін Қайырымдылық керуені аясындағы акциялары, Аналар кеңесінің жұмысын ауыл-аймақтарда жандандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. 

Алқалы отырыс аясында аймаққа танымал, мәдениетте, білімде елеулі үлес қосқан ардақты ана, асыл әже болып, өскелең ұрпаққа жол сілтеп жүрген кеңес мүшелері Күліш Төлеуханова мен Маулида Жошинаны мерейлі 70 жасымен құттықтау рәсімі өтті.

Қаңтар айында «Сарқыт» акциясы аясында аймағымыздың түкпір-түкпірінде өткен шараларда Аналар кеңестерінің, Қайырымгерлер мен меценаттар Клубының,  этномәдени орталық мүшелерінің белсене қатысқаны да айтылды.

Бүгінде елімізде азаматтық қоғам қалыптастырудағы аналардың үлесі зор. Өткен жылы қолға алынған «Қазақтану» жобасы бойынша жастардың  ұлтына, дәстүріне, мәдениетіне деген сүйіспеншілігін және ұлт өкілі ретінде қалыптасуына тәрбиелеу үшін бағытты жұмыстар жүргізілуде.

Отбасы және аналар институтын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін, толерантты қарым-қатынасты сақтауды насихаттап, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуда Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің атқарып жатқан еңбегі зор. Бүгінде еліміздің әр өңірінде, аудан мен қалаларда аталмыш кеңестер белсенді жұмыс жасайды.

Бөлісу: