Қарағанды облысының Достық үйіне – 3 жыл

13 Желтоқсан 2018, 05:32 2693

21 желтоқсанда Қарағанды облысының Достық үйінің ашылғанына тура 3 жыл толады. Осыған орай бір шаңырақ астында 23 этнобірлестіктің басын қосып, айрандай ұйып отырған орталықтың бүгіні мен алдағы жоспарлары туралы  Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын әңгімелеп берді.

Кез келген мемлекет үшін, кез келген қоғам үшін Ел тәуелсіздігі – бұл аса қастерлі дүние. Біздің қатпарлы тарихымызды қарап отырсаңыз, ата-бабаларымыз азаттық үшін жан алысып, жан берісті, небір алмағайып кезеңдерді бастан өткізді.  Кешегі өткен батыр бабаларымыз осы ұлы далада елдің мұраты үшін, ұрпақтың қамы үшін, ұлттың болашағы үшін күресті. Осынау алып даланы бүгінгі күнге аманат етіп қалдырды. Бүгінгі тәуелсіздігіміз бабаларымыздың арманы, сондықтан да жастарымыз тәуелсіздіктің қадірін түсініп, бағалай білуі керек.

Осыдан тура 27 жыл бұрын  Қазақ елі өзінің тәуелсіздігін әлемге жариялап, егеменді мемлекет ретінде танылып, босағасын бекітті. Ел сындарлы кезеңде тізгінді Елбасына ұстатты. Аумалы-төкпелі заманда, дағдарыс кезеңде зауыт-фабрикалар тоқтап, халық абдырап қалған уақытта да мемлекет басшылығын қолға алған Нұрсұлтан Назарбаев өзіне тән көрегендікпен, даналық, кемеңгерлігімен елді аман-есен алып шығып, болашаққа нық қадам жасады.    Бүгін біз дербес мемлекетте, ашық қоғамда өмір сүріп жатырмыз.

Еліміз тыныш, халқымыз аман, өндірісіміз өркендеп, экономикасы дамып келе жатқан, алдына амбициялық міндеттер қойған мемлекеттердің қатарындамыз. Әрине, осының барлығы елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың, ауызбіршілктің, ымыралы ынтымақтың нәтижесі. Дұрыс та сауатты жүргізіліп отырған саясаттың жемісі.

Қоғамдық келісім мен елдің бірлігін сақтауға бағытталып, Елбасы саясатын жүргізіп отырған бірден-бір ұйым ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының орны мен мәнін, маңызын әрбір көзі қырақты азамат жақсы түсінеді. Елді бірлікке шақыратын ұйымның қажет екенін көлденең тартқан Президент осы идеясын ұсынды. Қоғам тарапынан қызу қолдауға ие болған бұл идея 1995 жылы жүзега асып, 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясысы дүниеге келді.

Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы іргелі ұйымға айналып, конституциялық мәртебеге ие болды. Ассамблея төрағасы – Елбасының өзі болуы да оның қаншалықты саяси сахнада салмаққа ие екенін айғақтайды. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы тек қана этносаралық мәселелермен айналысумен шектелмей, құрамында Ғылыми-сараптама тобы, Жаңғыру жолы жастар қозғалысы, этномәдени бірлестіктер, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңесі бар. Қоғамның ішіндегі әртүрлі мәселелерді шешуге, оған ел азаматтарының бір кісідей ат салысуына үлкен ықпал етіп келе жатқан ұйым. Сондай ақ, оның негізгі базасы ретінде, әр облыста ашылған Достық үйлерінің алатын орны ерекше.

Біздің Қарағанды облысында Достық үйі 2015 жылы 21 желтоқсанда салтанатты түрде ашылды. Содан бергі 3 жыл ішінде тек облыста ғана емес, республикалық маңызы бар түрлі кеңестер, өмірлік өзекті мәселелер талқыланатын алқалы шараларды өткізу орталығына айналды. Қарағанды қаласының Достық үйінде 23 этномәдени орталық орналасқан. Ғылыми-сараптама тобының кеңесі, жастар қанатының арнайы кабинеті, мемлекеттік тілді үйренем деушілерге лингафон кабинеті, кітапхана, Ассамблея тарихынан сыр шертетін жәдігерлер жинақталған музей жұмыс жасайды. Өнердің әр саласына бейімдеуге арналған «Шабыт» көрме залы, шығармашылық орталықтар, шеберлік сабақтарын өткізуге мүмкіндік жасалған арнайы кабинеттер бар.

Ағымдағы жылдың сәуірінде қолға алынған Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақтану мәдени-ағартушылық жобасын іске асыруға  бағытталған «Арқаның жыршылар мектебі», «Күй керуен» шертпе күй орталықтары бар. Онда аймағымызға белгілі өнертанушылар, айтыскерлер өскелең ұрпақты қазақтың саф өнеріне баулып, жетекшілік етеді. Аталған орталықтар мен бөлімдер облыстық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері ұйымдастыратын шаралардың барлығында атсалысады.

Этномәдени орталықтар өз мерекелерін, есеп беру кештерін, көрмелерін, байқау-сайыстарын жоғары деңгейде өткізіп келеді. Жастар қауымы жаңа жобаларын да осында көрсетіп, дамытуда.

Бұдан бөлек атқарылып жатқан істер аз емес, алдымызда тұрған міндеттер өте көп. Келер жыл Елбасы жарлығымен «Жастар жылы» деп жарияланды. Жақында ғана айтылған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы бойынша көптеген жүзеге асырылатын шараларға Достық үйі өзінің үлесін қоса бермек. Достық үйі - келешекте азаматтық қоғамның бастамаларының нағыз орталығына айналатынына сенімдіміз.

                                                                 Ерлан Құсайын

                 Қарағанды облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ директоры

Бөлісу: