Ақжарма ақындардың ақзер әлемі

24 Шілде, 12:10 551

Мен жазарыма себепші екі тума талант, еліміздің Шығысы мен Батысының тау тұлға ақындары жайында болмақ. Абай елінен -  Бауыржан Жақып пен қазақтың аңыз, жұмбақтары құпияланған батыс өңірінің  ерекше ақыны - Светқали Нұржан .  

Екі ақынның да қазіргі қазақ поэзиясына алып келген жаңаша лебі өз алдына, ерекшеліктері – қаламгерліктерін қара өлеңнен бастаған, қайраткерліктері қоса жүретін тұлғалар.

Қазақ әдебиетінде ойып алар өзіндік орны бар,  табиғат лирикасының тамаша жыршысы,  әдеби ортада шоқтығы биік - Бауыржан Жақып  болса, қазіргі қазақ поэзиясының  ерен суреткері, ерекше ақыны – Светқали Нұржан. 

Ендеше екі ақынға жеке-жеке тоқталуды жөн көрдім...

Бауыржан Өміржанұлы — ұлт рухының уызына жарыған, талғамы жоғары поэзия өкілі. 

​Әдебиетке жаңа аяқ басқан жастарға сын мен сойыл емес, жоғары буыннан жақсы сөз есту үлкен мәртебе. Бұл жағынан Бауыржан ағамыздың жолы болған ақын дейміз.

1984 жылдары Қазақстанның түкпір - түкпірінен жас ақындар шақырылған «Жігер» республикалық фестивальінде «Әжемнің ұршығы» өлеңімен ерекшеленіп, ұлт әдебиетінің мәйегі Әбділдә Тәжібаевтың «не берсеңдер де, анау «Ұршықты» оқыған балаға беріңдер» деуінің өзі сол кездегі бала ақынның дана ақын болуына жол ашты. Бұл өлең ақынның «төлқұжаты» іспеттес.
Осылай аға буын ақындардан ақыл кеңес алып, кезінде жастық белестен өткен Бәукен ағамыз, бүгінде жас ақындарға жол көрсетер мәуелі әдебиеттің бәйтерегі іспеттес.

Өзіндік өлең өрнегімен дараланған ақынның өлеңдері өзге ұлт тілдеріне де кеңінен аударылған. Ақын шығармаларының бірсыпырасы философиялық иірімдерге толы, туған елдің сұлу табиғатын суреттейтін, ұлттық бояуға қанық лирикалық өлеңдер.
​Ақынның ақын болуына туған жерінің де үлесі бар-ау... Ол -  алып Шыңғыстаудың өр ұлы. Бұл жерде туған перзент - сөз қадірін түсінбеуі мүмкін емес.  Бұған ақынның «Жүректі Шыңғыстауда шырайлы өрте» өлеңі дәлел:
Жүректі Шыңғыстауда шырайлы өрте,
Шықсам ғой қансонарға құмайды ерте.
Адамды бұл дүниеде қызықтырар.
Жүйрік ат, сұлу қыз бен шұрайлы өлке.
Қайнарым, Абыралым, Ақбиігім,
Іште бар шықпай жатқан от–күйігің.
Дегелең, Мыржық пенен Қарқаралым,
Ойымның тарқатасың нақ түйінін.
Бес Мейрам – Арғын ата тұқымымын,
Арғымақ мінген елдің құты мығым... деп басталатын өлең жолдарынан ақынның еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін аңғаруға болады. Сөз зергерінің әр өлеңінен шынайылық, сырлылық, саф тазалық сезіледі. Ақын жырлары өмір өзенінен алынған. Тума таланттың лирикасы шексіз... Өлеңдерінен мысалдар келтіре берсек өте көп...

​Жалпы ақындар лирикасының сарыны әртүрлі болып келеді. Ақындар сонысымен ерекшеленеді.

Ұлттың  ұлттық мінез жапсарын, сыр-сипатын,елдің тарихи тағдырын, көркемсөз құдіретімен көрсетудегі өз  стилі бөлек, өзіне тән бояуы бар ақын Светқали Нұржан ағамыз.

Сөз сарасын сапырған, таңдайынан құт дарыған әйгілі би-шешендер өткен өңірдің перзенті болған соң, лирикадан алыс болуға құқы да жоқ.

​Светқали ағамыздың өлеңдерінен жыраулар поэзиясының лебі еседі.

Ол – көптеген дастандар мен аңыз-хикаялар жазған ақын. Ақынның эпикалық кең ауқымды туындыларында  тарихи оқиғаларды жұп-жұмыр сюжетпен  ширықтыра суреттейді. Әр шығармасында ел мен жер, адамгершілік, имандылық өз шешімімен ерекшеленіп отырады.

​Ақын өз лирикаларында көне сөздерді де ерекше орнымен қолдана біледі, діни лексикадан да алыс емес. Бұл ақынның ақындық шеберлігі.

​Светқали Нұржанның «Көкірегім – көне кітап» өлеңінде:
Көкірегім –көне кітап.
Сұр тысты.
Қырық қазына, мың мағына –қыртысты.
Қиялым бар жетпіс түрге құбылған,
Көздеріңмен қарамашы бір түсті.
Оқымай-ақ отқа салма мені сен,
Керегіңе жарата алсаң –келісем.
Залым-сұмнан сағың сынған налаң мен
Ауырсынған жараң болса,–бөлісем.
Сыңар көзбен қарай берме сен өйтіп,
Бөлісе алам шаттығыңды – көбейтіп.
Бөлісе алам қайғы-мұңды –азайтып,
Айлы түнгі айдыныңды кеңейтіп.
Бұл кітапта саңқылдаған қыран бар,
Алып өткен Антымды аман мұрам бар.
Бұл кітапта –шырқай-шырқай шығанға
Шыңға ілініп қалатұғын бір ән бар.
Бұл кітапта даналардың сөзі бар,
Бабалардың, аналардың көзі бар... – деп халықтың қуанышы мен мұңын, өткенін жырлап, ерекше сөз тізбегімен кесетелейді. Мысал келтірсек, ақын өлеңдері шаш етектен. Ал жоғарыдағы өлеңді неге жаздың деген ой келер... Оның өзіндік ерекшелігі бар...
Әдебиеттің алма кезек сан белесінен талмай өтіп келе жатқан Бауыржан ағамыз бен Светқали ағамыз атақ, мәртебе, даңқтан құр алақан емес... Ақындарымыздың әр туындысы бүгінгі күннің кез-келген жоғары мәртебесіне мың мәрте лайық дер едім. 

Көнеден қалған сарынды жаңарта білген, таланттарын өлеңнің алтын жібімен кестелеген, туған өлкелерінің туын жоғары көтеріп жүрген ақындар есімі барлық әдемі атаққа лайық.

Қос ақынның атағы да, өз ортасында даңқы да, ел ішінде есімдері де танымал. Сол еңбектерін бағалау үшін биылғы жылы С.Нұржанның «Көкірегім көне кітап» атты жыр кітабы мен сөзінен алтын шашыраған, Абай елінің ақтаңгер ақыны Б.Жақыптың «Білте шамның жарығы»  жыр жинағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылыпты. «Білте шамның жарығы» кітабының алғысөзін жазған әдебиет жанашыры Х.Матаев ағамыз ақынға «Айналайын, Бауыржан! Сөзіңнен алтын шашырағандай» деген баға берген екен... Бұны айтпай кетуге болмас... Керемет теңеу!

Халқының құрметіне бөленген екі ақынның да  кітабы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық екені сөзсіз. Әдебиет додасынан талмай өтіп,  биылдан қалмай  Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты иеленуге әбден лайық!

Қос ақынымызға сәттілік серік болғай!

Мерей Қарт
Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты

EL.KZ
Бөлісу: