«Ақындар айтысы» сайысында 400 мыңнан астам айтыскер бақ сынады

27 Қазан 2023, 02:30 795

«Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Ақындар айтысы» республикалық байқауы өтті. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақ халқы ежелден сөз шеберлерін, айтыс өнерін меңгерген адамдарды аса құрметтейді. Ақындар - жай ғана сөз шебері емес, олар терең білім мен өнердің нақ иесі. Бұл жанр қазақ әдебиеті мен фольклорының құрамдас бөлігі, сондай-ақ халық ауыз әдебиетінің кең тараған түрлерінің бірі, - делінген мәліметте. 

Республиканың әр елді мекеніндегі барлық мектептерде, мектептен тыс ұйымдарда және колледждерде жас суырып салма ақындардың «Ақындар айтысы» ақтық сайыстары өтті.

Бұл шарада 400 мыңнан астам оқушы түрлі жанрда бақ сынасып, нағыз ақындық жекпе-жектің ерекше күйін сыйлады. Байқаулар «Бәдік», «Жар-жар», «Жұмбақ айтысы», «Қыз бен жігіт айтысы», сондай-ақ «Жануар мен адамның айтысы» мәнерінде өтті, - деді РҚБОӘО-ның директоры Раиса Шер.

Бұл байқау рухани-адамгершілік, эстетикалық және ұлттық тұрғыдан дамудың, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің патриоттық құндылықтарын қалыптастырудың негізгі факторы болып табылады.

Берік Арманов
Бөлісу: