Ақын Болат Асановтың қос кітабының тұсаукесері өтті

22 Сәуір, 12:04 949

Жаңаарқада С.Сейфуллин атындағы аудандық үлгілі кітапханасында Болат Асановтың мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрген «Шырайлы шырақ» және «Ең әдемі құс қайсы?» атты жыр кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Болат Асанов – арқалы ақын, жалынды журналист, балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген қаламгер, М.А.Шолохов атындағы және халықаралық Абай атындағы медаль иесі.

Жаңаарқа аудандық әкімдігінің мәліметінше, кеш қонақтары болып аудан әкімінің орынбасары Әсет Аманжолов, аудан ардагерлері, мекеме басшылары, кітапхана оқырмандары және де Астана, Алматы, Жезқазған қалалары мен Ұлытау ауданынан арнайы келген құрметті қонақтар және ақын-жазушылар – Батырбек Мырзабеков, өлкетанушы Төлеген Бүкіров, ақын Төкен Әлжантегі, ақын Кенжебай Ахметов, білім саласының білгірі Сафура Төлекова, ақын Ғазиз Ештанаев, әнші Береке Көшенов, Сәтбаев қаласының құрметті азаматы Абдолла Дастан, әнші Серік Оспанов, қаламгер, өлкетанушы Жомарт Оспанов қатысты. Тұсаукесерді айыскер ақын Төлеген Жаманов жүргізді.

Іс-шара барысында арнайы дайындаған Болат Асановтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян көрсетіліп, ауданымыздың С.Сейфуллин және Еламан Шаханов атындағы мектептері және де ақынның туған өлкесі – Ынталы ауылының мектебінен арнайы келіген жас оқырмандар жыр-шумақтарды мәнерлеп оқып, ақынның сөзі мен әніне жазылған «Қараағашым – жан жайлауым» туындысын композитор, әнші Жалын Сыздықов және «Тымақ»әнін бірнеше республикалық ән байқауының жеңімпазы Оралбай Ұлан әуендетіп шырқады. Ақын Жұмабай Жұмасейтов арнайы арнау өлеңін оқырман назарына ұсынды, - делінген мәліметте.

Сондай-ақ ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, шараға қатысқан оқырмандарға Болат Асановтың өз кітабын арнайы сый ретінде табыстап, кітапханашы, «Өлкетану» секторының жетекшісі Замзәгүл Құрақбайқызы «Өз елім» әнімен шараны қорытындылады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: