14.07.2025
18:00
6270
Ақылы жолдарды кімдер тегін пайдалана алады?

Ақылы жолдарды кімдер тегін пайдалана алады?

Ел аумағындағы ақылы жолдар саны артып келеді. Алайда кей санаттағы жүргізушілер үшін бұл жолдар тегін екенін бірі білсе, бірі біле қоймайды. Осы орайда El.kz жеңілдікке ие жүргізушілер тізімін ұсынады.

Кімдер тегін жүруге құқылы?

Қазақстан Республикасының «Автомобиль жолдары туралы» заңының 5-2-бабы, 1-тармағына сәйкес, белгілі бір көліктер мен азаматтар ақы төлемей жүре алады. Олардың қатарында:

Мемлекеттік және арнайы қызмет көліктері:

  • Жедел медициналық көмек көліктері;
  • Апаттық-құтқару қызметтерінің көліктері;
  • Құқық қорғау органдарының көліктері;
  • Көлік бақылау органдарының автокөліктері;
  • Арнайы мемлекеттік органдардың көліктері;
  • Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құрамалардың көліктері.

Қоғамдық қызмет пен жол күтіміне арналған көліктер:

  • Халықаралық және республикалық маңызы бар төлемді жолдарды күтіп ұстаумен айналысатын ұлттық оператордың көліктері;
  • Белгілі бір төлемді учаскені күтіп ұстаумен айналысатын концессионердің көліктері;
  • Жануарлар әлемін қорғау, көбейту және пайдалану бойынша уәкілетті органның көліктері;
  • Қала маңындағы және төлемді жолға жақын елді мекендерді аудандық, облыстық орталықтармен, астанамен немесе республикалық маңызы бар қалалармен байланыстыратын тұрақты жолаушы және жүк тасымалы автобустары;
  • Төлемді жолға жақын орналасқан аудандардың ішінде қатынайтын және сол аймақтың әкімшілік-аумақтық бірлігінде тіркелген автобустар;
  • Су тосқауылдары мен темір жолдарды кесіп өту үшін төлемді жолдардың жақын жердегі жол айрықтарында жүретін жүк көліктері, дөңгелекті өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы және мелиорациялық машиналар;
  • Төлемді жолға жақын аудандарда тіркелген жеке және заңды тұлғалардың жеңіл автокөліктері, тек бір ауданның ішінде қатынау үшін.

Әлеуметтік санаттар:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері – олардың жеке жеңіл автокөліктері де төлемнен босатылады.

Қазақстанда қанша ақылы жол бар?

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының ресми мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда Қазақстан аумағында жалпы ұзындығы 4 760 шақырымды құрайтын 25 ақылы жол учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде I техникалық санаттағы 12 учаске бар, олар 2 231 шақырымды қамтиды. Ал II және III техникалық санаттағы 13 учаске 2 529 шақырымға созылып жатыр. Бұл учаскелер еліміздің негізгі көлік дәліздерін қамтып, жүк және жолаушы ағынын тиімді реттеуге бағытталған.

Ақылы жолдардың даму кезеңдері

Қазақстандағы алғашқы ақылы жол ретінде 2013 жылы «Астана – Щучинск» бағыты іске қосылған болатын. Бұл жобаның табысты жүзеге асуы кейін басқа да автожолдарды осы жүйеге көшіруге негіз болды. 2019 жылдың қаңтарынан бастап ақылы негізде «Астана – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қонаев» бағыттары қосылды. Ал 2021 жылдың 23 қарашасында бірден бірнеше жаңа учаске ақылы жүйеге өтті. Атап айтқанда, «Астана – Павлодар», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы», «Қонаев – Талдықорған» және «Щучинск – Көкшетау» жолдары пайдалануға берілді. 2023 жылдың 8 қазанынан 1 желтоқсанға дейін тағы алты жаңа учаске кезең-кезеңімен іске қосылды. Олар – «Павлодар – Қалбатау», «Бейнеу – Ақжігіт», «Орал – Самара», «Павлодар – Омбы», «Көкшетау – Петропавл» және «Орал – Саратов» бағыттары.

Ал 2025 жылы «Қызылорда – Арал», «Қостанай – Троицк», «Ақтөбе – Орынбор», «Тараз қаласының айналма жолы», «Балқаш – Бурылбайтал», «Шу – Бурылбайтал» және «Қандыағаш – Мақат» учаскелері ресми түрде ақылы жолдар қатарына қосылды.

Айта кетейік, бұған дейін өмірдегі барлық проблеманы шешетін 20 пайдалы әдет жайлы жазған едік.