13.04.2026
14:41
186
Жаңалықтар

Ақылды қолғап музыканттардың үйлесімді ойнауына көмектеседі

Музыканттың орнын баспаса да, орындауды жаңа деңгейге көтеретін технология пайда болды, деп хабарлайды El.kz интернет-порталы.

Италиялық ғалымдар қол қимылдарын сезіну арқылы синхрондауға мүмкіндік беретін ерекше экзоскелет жасап шығарды.

Жобаны Рим биомедициналық университеті мен Пизадағы Жоғары Сант-Анна мектебінің инженерлері жүзеге асырған. Бұл құрылғы дыбысты немесе қозғалысты басқармайды, керісінше, серіктестің ырғағын «сезінуге» көмектеседі. Бұл дегеніміз – музыканттар бір-бірінің қимылын тікелей сезіну арқылы қабылдай алады деген сөз.

Музыкада үйлесімділікке жету қажырлы еңбекті талап етеді. Әсіресе ысқышты немесе үрмелі аспаптарда ойнайтын орындаушылар үшін қиын екені сөзсіз. Осы уақытқа дейін музыканттар тек есту және көру арқылы бір-біріне бейімделіп келген.

Ал жаңа экзоскелет осы тәсілді өзгертуі мүмкін. Conbots жобасы аясында жасалған құрылғы екі орындаушыға да тағылады. Арнайы датчиктер бір музыканттың қол қозғалысын тіркеп, оны серіктесінің құрылғысына жібереді. Нәтижесінде орындаушылар арасында көзге көрінбейтін, бірақ сезілетін байланыс орнайды.

Ең қызығы, жүйе орындаушының еркіндігіне әсер етпейді. Ол саусақты бағыттамайды, ырғақты күштеп ұстатпайды. Сондықтан тірі музыканың табиғи эмоциясы мен экспрессиясы толық сақталады.

Зерттеу барысында бұл технология 20 скрипкашының арасында сынақтан өткен. Қатысушылар төрт түрлі жағдайда: тек есту арқылы, есту мен көруді қатар пайдаланып, тактильді байланыспен және барлық сезім мүшелерін бірге қолдана отырып ойнаған. Нәтижесінде тактильді кері байланыс орындаушылардың үйлесімін айтарлықтай жақсартатыны анықталды. Ал ең жоғары нәтиже есту, көру және сезіну қатар қолданылған кезде тіркелген.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық тек музыка саласымен шектелмейді. Қимыл үйлесімділігі маңызды болатын спортта, білім беруде, медициналық оңалтуда және күрделі кәсіптерде де кеңінен қолданылуы мүмкін. Мәселен, жаттықтырушылар немесе дәрігерлер қозғалыстың дұрыс ырғағын оқушыға немесе науқасқа тікелей «сезіндіре» алады.

Сонымен қатар бұл технология қашықтан оқыту мүмкіндігін де кеңейтпек. Бұған дейін аспапта ойнаудың нәзік тұстарын онлайн форматта жеткізу қиын болса, енді оны сезіну арқылы үйретуге жол ашылуы мүмкін.