Адамның ой-қуаты да дене күші тәрізді - оны сергек ұстау үшін үздіксіз жаттықтырып отырған жөн. Қимылсыз қалған бұлшық ет қалай әлсіресе, үнемі шыңдалмаған сана да солай бәсеңдейді. Сондықтан ой еңбегімен айналысу - өмір бойғы дамудың басты шарттарының бірі.
Ақыл-ойды ұштаудың жолы көп: кітап оқу, жаңа дүниені меңгеру, зерделеуді талап ететін тапсырмалармен айналысу, сондай-ақ сезім мен мінезді тани білуді үйрену адамның ойлау аясын кеңейтіп, сананы сергек күйде ұстайды.
Ғалымдардың пікірінше, адам миының ең айрықша қырларының бірі – оның үнемі өзгеріп, жаңарып отыра алу қабілеті. Яғни ми өмір бойы жаңа мәліметті қабылдап, соған сай жүйке талшықтары арасындағы байланысты қайта қалыптастыра алады. Бұл қасиет адамға қоршаған ортаға икемделуге жол ашып қана қоймай, түрлі жарақаттар мен жүйке жүйесіндегі ақаулардан кейін қайта қалпына келуге жәрдемдеседі. Сонымен бірге мұндай бейімделгіштік Альцгеймер, ұйқы бұзылысы немесе шашыраңқы склероз секілді дерттердің жағымсыз салдарын белгілі дәрежеде жеңілдетуге ықпал етеді.
Ең маңыздысы - ми бұл қабілетін жас ұлғайған сайын жоғалтпайды. BBC мен Кембридж университетінің нейробиологтары жүргізген бірлескен зерттеу 60 жастан асқан адамдардың да арнайы жаттығулар арқылы ойлау қабілетін айтарлықтай дамыта алатынын көрсеткен. Демек, ақыл-ойды жетілдіру жасқа тәуелді емес. Керісінше, үнемі ізденіп, жаңа білімге ұмтылып, ойды жұмысқа салып отыру адамның санасын сергек ұстап, зерделік қуатын ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді.
Спортпен шұғылданыңыз
Ғалымдар спорттың денсаулыққа ғана емес, ақыл-ой қабілетіне де оң әсер ететінін әлдеқашан дәлелдеген. Мәселен, 1999 жылы жүргізілген зерттеулерде жүгірудің тышқандардың зияткерлік қабілетін арттыратыны анықталған. Жүгіруге арналған дөңгелекке еркін қол жеткізген тышқандардың миындағы гиппокамп бөлігінде (есте сақтау мен оқу үдерісіне жауап беретін аймақ) жаңа жүйке жасушалары әлдеқайда көп қалыптасқаны байқалған. Осындай заңдылық адамдарға да тән. Тұрақты түрде спортпен айналысу зейінді шоғырландыру қабілетін арттырып, ақпаратты тез өңдеуге, бірнеше тапсырма арасында оңай ауысуға және есте сақтау мүмкіндігін күшейтуге көмектеседі.
Кофе ішіңіз
Кофеин адамның зейінін жинақтауға және ұзақ уақыт бойы назарды бір нәрсеге тұрақтандыруға көмектеседі. Дегенмен мөлшерін шамадан тыс асырмау керек. Мамандар тәулігіне 400 миллиграмнан артық кофеин қабылдамауға кеңес береді. Бұл шамамен бес шағын эспрессо кесесіне тең.
Жаңғақ пен балықты көбірек тұтыныңыз
Мидың белсенді жұмысын қолдауға кейбір тағам түрлері ерекше әсер етеді. Әсіресе омега-3 май қышқылдарына бай майлы балық пен грек жаңғағы пайдалы. Сондай-ақ шпинат құрамындағы К дәрумені және жеміс-жидек пен көкөністерге ашық түс беретін флавоноидтар да ми қызметін қолдауға ықпал етеді.
Жақсы ұйықтаңыз
Ұйқы – мидың толыққанды жұмыс істеуі үшін аса қажет фактор. Ұйқы кезінде ми тек тынығып қоймай, күні бойы есте сақтаған ақпаратты реттеп, жүйелейді. Соның арқасында есте сақтау мен ойлау қабілеті сақталады. 2018 жылғы зерттеулердің бірінде тіпті аз ғана ұйқы тапшылығының өзі жұмыс жадының көлеміне кері әсер етуі мүмкін екені анықталған.
Ойын ойнаңыз
Зияткерлік ойындар да ми жұмысына пайдалы. 2009 жылы Нью-Мексико ғалымдары тетрис ойыны мидың тиімді жұмыс істеуіне ықпал ететінін анықтаған. Ал шахмат есте сақтау қабілетін және стратегиялық ойлауды дамытады.
Есте сақтау қабілетін дамытыңыз
Есте сақтау – ми қызметінің ең маңызды көрсеткіштерінің бірі. Оны сақтау әрі дамыту үшін арнайы жаттығулар жасау пайдалы. Дегенмен жадты тек арнайы әдістермен ғана емес, күнделікті өмірде де жаттықтыруға болады. Мысалы, өлеңдерді жатқа айту, жаңа сөздерді есте сақтау немесе дүкенге барғанда сатып алу тізімін қағазға жазбай, ойда сақтауға тырысу – миды белсенді жұмыс істеуге үйрететін қарапайым әрі тиімді тәсілдер.
Музыка тыңдаңыз
Ғылымда «Моцарт әсері» деп аталатын ұғым бар. Бұл теорияға сәйкес, Моцарттың музыкасын тыңдау адамның зияткерлік қабілетіне оң ықпал етеді. Алайда зерттеулер көрсеткендей, бұл әсер тек бір композитормен шектелмейді. Жалпы музыка тыңдау мидың кеңістіктік ойлауға жауап беретін аймақтарын белсендіреді. Ал адамның сүйікті әуендері ләззат сезімін тудырып, көңіл күйді жақсартады. Мұның бәрі ми қызметіне оң әсерін тигізеді.
Кітап оқыңыз
Ақыл-ойды дамытуға қатысты ең көп айтылатын кеңестердің бірі – кітап оқу. Шынында да, оқу процесі кезінде мидың көптеген бөліктері қатар жұмыс істейді. Соның нәтижесінде адамның ойлау қабілеті жетіліп, зияткерлік деңгейі артады. Сонымен қатар кітап оқу эмпатияны дамытып, күйзелісті азайтуға көмектеседі және жас ұлғайған сайын когнитивтік қабілеттердің әлсіреуін баяулатуы мүмкін. Әсіресе мазмұны күрделі шығармаларды оқу ми үшін пайдалырақ саналады. Бұл тұрғыда әлем әдебиетінің классикалық туындылары ерекше орын алады. Мысалы, әдебиеттегі ең күрделі шығармалардың бірі ретінде ирланд жазушысы Джеймс Джойстың «Улисс» романы жиі аталады. Сондықтан күрделі кітаптарды оқуға ниеттенсеңіз, мұндай туындыларды қолға алудан қорықпаған жөн.
Кино көріңіз
Көптеген адамдар үшін ақпаратты көру арқылы қабылдау тиімдірек. Яғни, олар оқығаннан немесе тыңдағаннан гөрі көзбен көрген мәліметті жақсырақ есте сақтайды. Мұндай жағдайда танымдық бейнематериалдар мен деректі фильмдер жаңа білімді меңгерудің тиімді тәсілі бола алады. Сонымен қатар көркем фильмдердің де ақыл-ойды дамытуда өзіндік орны бар. Олар белгілі бір тақырыпқа терең әрі эмоциялық тұрғыдан енуге мүмкіндік береді. Бұл кітап оқуға ұқсас: мазмұны күрделі, ойландыратын фильмдер ми үшін анағұрлым пайдалы. Авторлық кино әлеміне қызығушылық танытатындар үшін режиссер Ингмар Бергманның шығармалары жақсы бастама бола алады.
Бейнеойын ойнаңыз
Бейнеойындар бүгінде кең таралған демалыс түрлерінің біріне айналды. 2017 жылы ғалымдар бейнеойындардың миға әсерін зерттеген 116 ғылыми жұмыстың нәтижесін талдап, Frontiers in Human Neuroscience журналында көлемді шолу жариялаған. Зерттеулерге қарағанда, ойын ойнайтын адамдарда зейіннің бірнеше түрі – әсіресе тұрақты және таңдамалы зейін – жақсы дамиды. Сондай-ақ геймерлерге ұзақ уақыт бойы назарды шоғырландырып отыру үшін аз күш жұмсау жеткілікті болады. Бұдан бөлек, бейнеойындар адамның көру-кеңістіктік қабілеттеріне жауап беретін ми аймақтарының дамуына ықпал етеді. Бұл қабілет адамның заттардың кеңістіктегі орналасуын дұрыс бағамдауына көмектеседі.
Зияткер адамдармен араласыңыз
Адам – әлеуметтік тіршілік иесі. Сондықтан қоғаммен байланыс когнитивтік қабілеттердің дамуына ықпал етеді. Белсенді қарым-қатынас ми қызметін ынталандырады, ал әлеуметтік оқшаулану керісінше психикалық денсаулыққа ғана емес, мидың жұмыс істеу қабілетіне де кері әсерін тигізуі мүмкін. Жаңа ортаға қосылу немесе жаңа достар табу ешқашан кеш емес. Мәселен, оқыған кітапты, көрген фильмді немесе ғылыми мақаланы бірге талқылау ақпаратты тереңірек түсінуге және есте жақсы сақтауға көмектеседі.
Сандық ойлау қабілетін дамытыңыз
Сандық сезім немесе сандық ойлау – адамның сандармен жұмыс істеу қабілетін білдіретін дағдылар жиынтығы. Ол математикалық есептерді шешуге және логикалық ойлауды дамытуға көмектеседі. Мұндай қабілетті қарапайым жаттығулар арқылы да дамытуға болады. Мысалы, бір топ затқа жылдам қарап, олардың нақты санын ойша анықтауға тырысу – сандық ойлауды жаттықтырудың тиімді тәсілі.
Шет тілдерін үйреніңіз
Шет тілін меңгеру – ми үшін өте пайдалы интеллектуалдық жүктеме. Мәселен, синхронды аударма кезінде ми бір уақытта бірнеше күрделі операцияны қатар орындайды. Ал екі тілде еркін сөйлейтін адамдардың есте сақтау қабілеті, зейіні және реакция жылдамдығы жоғары болатыны ғылыми зерттеулерде дәлелденген.
Би билеңіз
Қол мен көздің үйлесімді қозғалысы – көру-қозғалыс координациясы – көптеген әрекетте маңызды рөл атқарады. Мысалы, көлік жүргізу немесе пернетақтада мәтін теру осы қабілетке байланысты. Мұндай дағдыларды дамыту ми қызметіне де оң әсер етеді. 2008 жылғы зерттеу нәтижесіне сәйкес, үш ай бойы үш доппен жонглерлік жасауды үйренген адамдардың миындағы сұр зат көлемі артқаны байқалған. Осыған ұқсас әсер би арқылы да байқалады. Би қимылдары когнитивтік үдерістерді бұлшық ет жадысымен ұштастырып, мидың белсенді жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Медитация жасаңыз
Медитация күйзелісті азайтып, көңіл күйді жақсартып, эмоциялық тұрақтылықты қалыптастырады. Сонымен қатар ол ми қызметіне де пайдалы. Кейбір зерттеулерге қарағанда, күніне 10–20 минут медитация жасау есте сақтау қабілетін арттырып, интеллектуалдық деңгейдің тұрақты өсуіне ықпал етуі мүмкін.
Жазыңыз
Қолмен жазу ми қызметін белсендіреді, есте сақтауды жақсартады және сөйлеу қабілетіне оң әсер етеді. Ақпаратты жазып отыру оны жақсырақ есте сақтауға көмектеседі. Бұл тек оқу немесе жұмыс барысында ғана емес, күнделікті өмірде де пайдалы. Мысалы, таңертең ойыңыздағыны қағазға түсіру, жақын адамдарға хат жазу немесе ашықхаттарды қолмен толтыру да миға пайдалы жаттығу бола алады.
Музыкалық аспапта ойнаңыз
Музыкалық аспапта ойнау нейрондар арасындағы байланыстарды күшейтіп, когнитивтік қабілеттердің дамуына ықпал етеді. Бұл оқу қабілетіне, есте сақтауға, ұсақ моторикаға және логикалық ойлауға оң әсерін тигізеді.
Ортаңызды өзгертіңіз
Миға да демалыс қажет. Ұзақ уақыт үзіліссіз жұмыс істеу күйзеліске алып келуі мүмкін. Ал жаңа орта, мысалы саяхат, адамға тек демалып қана қоймай, жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Бейтаныс мәдениет пен тілдік ортада болу шығармашылық ойлауды дамытатын «көпмәдениетті оқу» үдерісін қалыптастырады.
Эмоцияңызды түсіне біліңіз
Эмоционалдық интеллект – адамның сезімдерін және басқалардың эмоциясын түсініп, оны дұрыс басқара білу қабілеті. Мұндай қабілеті дамыған адамдар өзгелермен оңай тіл табысып, даулы жағдайларды мәдени түрде шеше алады. Эмоционалдық интеллектіні дамыту үшін өз сезімдеріңізге саналы түрде назар аударып, эмпатияны қалыптастырып, эмоцияларды бақылауды үйрену маңызды. Сонымен қатар сезімдерді «жақсы» немесе «жаман» деп бөлмей, оларды табиғи күйінде қабылдап, түсіне білу де маңызды.