Ақтөбедегі Heriot-Watt университетінің филиалына 300 студент қабылданды

18 Тамыз 2023, 16:47 1896

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ашылатын ұлыбританиялық Heriot-Watt университетінің филиалына 300 мектеп түлегі оқуға қабылданды, олардың 40 пайыздан астамы әлеуметтік категорияға жататын отбасылардан шыққан, деп хабарлайды El.kzақпараттық агенттігі. 

Мемлекеттік грант конкурсының нәтижесі бойынша Ақтөбеде ашылатын Heriot-Watt университетінің филиалына 3 білім бағдарламасы бойынша 300 студент оқуға түсті (компьютер инженериясы 160, электр энергетикасы – 80, мұнай инженериясы жәнеэнергоменеджмент – 60). Аталған оқу орнының филиалына түсуге еліміздің өңірлерінен барлығы 500-ден астам түлек қызығушылық білдірді.

Грант жеңіп алған талапкерлердің арасында тек ақтөбеліктер ғана емес, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола, Атырау, Жетісу облыстарынан,сондай-ақ Астана мен Алматы қаласынан тапсырған түлектер де бар.

«Heriot-Watt университетінің филиалын Ақтөбеде ашу туралы бастамамызға тек өңір тұрғындары ғана емес, өзге аймақтар мен Астана, Алматы секілді ірі қалалардың мектеп түлектері де қызығушылық танытты. Heriot-Watt университетінің филиалында оқуға грант жеңіп алғандардың 41,7 пайызы көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар секілді түрлі әлеуметтік категорияларды қамтиды, ал 35 пайызы ауыл мектептерін тәмамдаған түлектер. Мемлекет қолдауына мұқтаж отбасылардан шыққан балалардың осы мүмкіндікке қол жеткізгені ерекше қуантады», - деп атап өтті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.

Студенттер алғашқы жылы деңгейіне қарай топқа бөлініп, өзге пәндермен қатар интенсивті түрде академиялық ағылшын тілін меңгереді. Сондай-ақ студенттерге қосымша психологиялық қолдау мен бағыт-бағдар беретін менторлар қызметі іске қосылады. Сонымен қатар, 300 студентке арнап жатақханадан орын беріледі.

Шотландияда орналасқан Heriot-Watt университетіинженерия және IT-мамандығы бойынша әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының қатарында.

«Бұл серіктестік расында трансформацияға бастап, екі оқу орнына да өзгерістер әкелетініне сенімдімін. Біз Дубайда, Малайзияда ашылған кампустарымыздан үйренгеніміз көп болды. Онда жүргізілген жұмыс білім беру жүйемізге, ғылыми зерттеулерге, тіпті, Эдинбургтеорналасқан кампуске әсер етті. Бұл ынтымақтастық бізге ғана емес, Жұбанов университетіне де пайдалы болады деп сенемін. Студенттер өңірдің, тіпті Қазақстанның ұлттық экономикасына оң ықпал ететін мансап жолына қажетті дайындықты бере алатын оқу бағдарламасына көңілі толады деп ойлаймын», - деді Heriot-Watt University халықаралық ынтымақтастық бөлімінің директоры Джаред Филиппи.    

Филиалдың ашылуына дайындық жұмыстары оқу жылының басына қарай аяқталуға жақын.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу қажеттігін, соның ішінде техникалық бағыттағы жоғары оқу орнының екі филиалын еліміздің батысында ашу керек деген тапсырма берген болатын.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: