Ақтөбедегі этномәдени бірлестіктердің мүшелері «Достық» саябағын тазалады

1 Мамыр, 16:12 556

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 1 мамыр — Қазақстан халқы бірлігі күніне орайластырылған сенбілік өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл күні сенбілікке шыққан облыстық ішкі саясат басқармасы, «Қоғамдық келісім» және «Рухани жаңғыру» мекемелерінің ұжымы «Достық» саябағын тазалады.

Кейбір этномәдени орталықтардың  өкілдері сенбілікке балалармен бірге келген. Ер-азаматтар бақтағы құрғап қалған жапырақтарды жинаса, әйелдер қауымы ағаштарды әктеп, қоқыс жәшіктерін бояп, саябақ жолдарын сыпырды.

«Вайнах» шешен этномәдени бірлестігінің жастар қанатының мүшесі Ахмед Межидов өткен аптада экологиялық акцияға әкесімен бірге қатысқан. Бұл жолы №3 орта мектептің 8-сынып оқушысы өзі келіпті. Жасөспірім аға ұрпақтың еңбекке деген құлшынысы мектеп оқушыларына үлгі болып қана қоймай, олар ортақ мекенді таза ұстауға көмектесуі тиіс деп санайды.

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күнін ерекше атап өтіп жатырмыз. 1 мамырда ел Президенті жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы барлық жерде ұйымдастырылған. Біздегі орталықтар сенбіліктерге, аумақтарды тазалауға үнемі қатысып жүр. Ортақ күш-жігерімізді жұмылдырсақ, біз туған өлкемізді абаттандырумен қоса, тәртіпті де орната алатынымызға сенімдімін, - дейді «Қазақстан корейлер қауымдастығы" РҚБ облыстық филиалының төрағасы Юрий Шек.

«Вяра» болгар этномәдени бірлестігінің төрағасы Анастасия Бошкова да осы ойды ұстанады. Ол сенбілік тұрғындарды тазалыққа үйретіп, еңбекке баулып қана қоймай, татулық пен бірлікті насихаттайтынын жеткізді.

Айта кетейік, «Достық» саябағын күтіп-ұстауға басқарма қызметкерлері мен ЭКО мүшелері соңғы үш жылда барынша көңіл бөліп келеді. Жақын маңдағы үйлер тұрғындарының мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысы зор.

Сенбілік аясында ұжым қызметкерлерінің бір тобы Ақтөбеде тұратын тыл ардагері Любовь Савельеваның үйін, ауласын тазалап, мерекемен құттықтады.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: