Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратында шыққан өрт кезінде өңір әкімі Асхат Шахаров Мемлекеттік туды алып шықты. Оның айтуынша, қандай жағдай болса да мемлекеттік рәмізді сақтап қалу – басты міндеттердің бірі.
«Әкімшіліктің туын акт бойынша өзім алдым. Туды қай кезде де сақтап қалуымыз керек. Шамалы бүлінген», – деді әкім.
7 сәуір кешінде Ақтөбе қаласында орналасқан облыс әкімдігі ғимаратының шатырынан өрт шығып, қала ішінде алаңдаушылық туғызған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт сағат 20:21-де басталған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің күштері небәрі 5 минут ішінде жетіп, жоғары дәрежелі шақырту бойынша жұмыс істеген. Адамдар дер кезінде эвакуацияланып, жедел штаб құрылған.
Өрт сөндірушілер бір сағат ішінде тілсіз жауды оқшаулап, кейін толық сөндірді. Қазіргі таңда жағдай тұрақты, зардап шеккендер жоқ, медициналық көмекке ешкім жүгінбеген.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Арнайы комиссия өрттің себептерін анықтап жатыр.
Әкімнің сөзінше, ғимараттың тек шатыры жанған. Ал алтыншы қабаттағы кабинеттерге келген зақым айтарлықтай емес.
Еске сала кетсек, әкімдік ғимаратына соңғы рет 2022 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Қазіргі уақытта ғимараттың техникалық жағдайын бағалау үшін сарапшылар тартылып, нақты іс-қимыл жоспары бекітілген. Мамандардың бір бөлігі жақын арада жұмыс орындарына оралады, оған дейін мемлекеттік қызметтер онлайн форматта үздіксіз көрсетіледі.
Сондай-ақ қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек.
«Әр кезеңнің орындалуы менің жеке бақылауымда болады, ақпарат тұрақты түрде жарияланып отырады», – деді облыс әкімі.