Ақтөбеде жалпықалалық сенбілік өтті

1 Сәуір 2023, 17:28 1471

Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімдігі мәлім етті

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбеде дәстүрлі өтетін көктемгі алғашқы екіайлық санитарлық-экологиялық сенбілікке қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Өңір басшысы тазалануы тиіс аумақтарды аралап, 12-шағын ауданының М.Мәметова көшесі бойындағы аллеяны және Ж.Кереев көшесі бойындағы саябақты тазалап жатқандардың қатарына қосылып, қаланы абаттандыруға үлесін қосты.

«Ақтөбе – біздің ортақ үйіміз, оны таза ұстау, көгалдандыру – ортақ ісіміз. Сенбілікке қатысу – барша қала тұрғындарының, кәсіпкерлік нысандарының иелерінің, меншік түріне қарамастан барлық мекеме басшылары мен ұжымдарының азаматтық борышы», - деген Ералы Тоғжанов ақтөбеліктерді екіайлық тазалық акциясына белсене қатысуға шақырды.

Бүгін қаладағы бірнеше қоғамдық орындарда екіайлық санитарлық тазалық акциясы аясында алғашқы сенбілік ұйымдастырылды.

Қала аумағын тазалауға мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, мекеме ұжымдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, студенттер шықты.

Облыс әкімі акцияға қатысушылармен әңгімелесіп, олардың белсенді өмірлік ұстанымы үшін, әсіресе, Қоғамдық кеңес ақсақалдары мен этномәдени бірлестіктер мүшелеріне алғысын білдірді.

EL.KZ
Бөлісу: