Ақтөбеде заманауи саябақтар салынады, деп хабарлайды El.kz.
Саябақтар Ақтөбе қаласын реновациялау жобалары негізінде әзірленді. Бұл Q88 Қазақстан урбанистер қауымдастығы мен Ақтөбе облысының әкімдігінің бірлескен жобасы.
Жоба қаланың әрбір тұрғыны сапалы уақыт өткізуге мүмкіндік беретін аттракциондық орталықтарды құруды мақсат етеді.
Мұндай тартымды орталықтарды құрудың негізгі критерийлері - жайлылық, қауіпсіздік, экологиялық тазалық және инклюзия болып табылады.
Осы критерийлерге қол жеткізу үшін қауымдастық қала тұрғындарының барлық санаттарымен: жастармен, қоғамдық бірлестіктермен, пікір көшбасшыларымен, сарапшылармен, мәслихат депутаттарымен және қала ақсақалдарымен жобаларды қоғамдық талқылаулар жүргізіліп жатыр.
Талқылаулар барысында қаланы жаңғыртуға арналған 5 жоба ұсынылды:
- Әлия Молдағұлова даңғылының бойындағы сызықтық саябақ
- Сағи Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасы базасындағы өнер және ғылым орталығы
- Қауіпсіз жаяужолдар салу
- Есет батыр көшесі бойындағы демонстрациялық аула
- Мәдени-әлеуметтік мәні бар 10 қабырға суреті (мурал).
Жалпы Q88 Қазақстандық урбанистер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі – еліміздің қалаларын жаңғыртуды басты мақсаты етіп қойған коммерциялық емес ұйым. Қауымдастықтың негізгі миссиясы – Қазақстан қалаларын барлық тұрғындары үшін жайлы, қауіпсіз және экологиялық таза ету. Осы мақсатта Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен қала құрылысы мен қала құрылысының озық тәжірибесін ескере отырып, әзірленген бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлап жатыр.