Ақтөбе қаласының әкімдігі жолдарды қыс айларында күтіп ұстауға арналған арнайы техникалар паркін толықтыру бағытындағы жұмыстарды күшейтуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәселен, өткен аптада қалаға жолдарды қардан тазалайтын канадалық техниканың - тиегішке арналған аспалы жабдықтың (шнекоротор) үшеуі әкелінді. Жаңа техника “АТК қызмет” ЖШС балансына берілді.
Тиегіш техниканың алдына салып қолданатын үш арнайы техника әкелінді. Мұның бірден-бір пайдасы жұмыс күшін оңтайландырып, уақытты үнемдейді. Бұрын "погрузчикпен" қар тиеп жүргенде 25 тонналық “Шахман” жүк көліктерін 30-40 минутта толтыратын болса, енді мына жаңа канадалық техниканың көмегімен 3-4 минутта “шахманға” қар тиеп толтырып болады,-деп атап өтті әкімдіктен.
Бұл техниканың тағы бір ерекшелігі қарды кесек-кесек етіп емес, ұнтақтап барып тиейді. Онысы қар қалың түскен кезде қала ішінен тез шығаруға көмегін тигізеді екен.