Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған 22 нысан пайдалануға беріледі

27 Қаңтар, 03:36 678

Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған нысандар мен мемлекеттік тапсырысқа немқұрайлы қараған жекелеген мердігерлік ұйымдардың мәселелері қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңір әкімдігіне сілтеме жасап. 

Қазіргі уақытта облыста құрылысы уақытылы аяқталмаған 31 нысан бар, олардың қатарында білім беру және денсаулық сақтау нысандары, спорт кешендері және тұрғын үйлер бары белгілі болды. 

Өңір басшысы осы нысандардың құрылысын аяқтау үшін елеулі шаралар қабылдау қажеттігіне айырықша назар аударды. Жосықсыз, жұмысына салғырт қараған мердігерлермен арадағы келісімшарттардың тоқтатылуы керектігі атап өтілді. Бүгінгі күні 10 компаниямен келісімшарт бұзылып, жаңа мердігерлер анықталды. Кейбірінің жұмысын тоқтату үшін сот процесі жүргізілуде. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының жоспары бойынша биыл 22 нысан халық игілігіне беріледі.

Асхат Шахаров нысандарды, әсіресе, әлеуметтік маңызға ие нысандарды салу үшін әр мердігер мемлекеттік сатып алуларға ерікті түрде қатысқанын, жауапкершілік өздерінде екенін тілге тиек етті.

Мемлекеттік сатып алулар конкурсы өткізіледі. Конкурсты ұтып алған мердігер компаниялар барлық талабын, қандай жұмыстар атқаратынын біледі. Келісімін береді. Соның өзінде, осындай жауапкершіліктен жалтарады. Барлық мердігер компания өкілдеріне айтарым, егер де нысандардың құрылысын уақытылы аяқтамай, жұмыстарыңызға немқұрайлы қарайтын болсаңыздар, халыққа, әсіресе, ауылда тұратын тұрғындарға берілген уәдені орындамасаңыздар, заң жүзінде ең қатаң шаралар қабылданады. Ел бұл нысандарды күтіп отыр, - деп облыс әкімі сөзін түйіндеді.

Жиын қорытындысы бойынша барлық жауапты мемлекеттік органдардың басшылары құрылысы ұзаққа созылған нысандарды пайдалануға беру үшін түбегейлі шаралар қабылданбақ. 

Баян Әжмұхан
Бөлісу: