Ақтөбеде педагогтерге арналған курс-тренинг өтуде

25 Наурыз 2023, 15:43 1035

Сингапурлік менторлар Ақтөбе облысы педагогтерінің құзіреттілігін арттыруда

Ақтөбеде «ХХІ ғасырдың  білім беру ұйымдарындағы әдістемелік көшбасшылық» тақырыбындағы курс-тренингі өтуде. Семинар Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың білім беру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бүгін өңір басшысы Ақтөбе облысының мектеп басшылары мен педагогтерінің құзыреттілігін арттырып, олардың оқыту әдістемелерін жетілдіру мақсатында Сингапурдан келген мамандармен кездесті.

«Мемлекет басшысы ауыл және қала оқушылары үшін тең білім беру мүмкіндіктерін қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Қазақстанда алғаш рет Ақтөбе өңірінде шағын жинақты ауылдық мектептерде білім беру сапасын арттыруға бағытталған Bilim All бірегей жобасы іске асырылуда. Жоба басталған кезде ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім деңгейіндегі айырмашылық 15%-ды құрады. Мұғалімдердің қарқынды жұмысының нәтижесінде екі айда айырмашылық 11,5%-ға дейін төмендеді. Бұл жоба ауыл балаларына облыс орталығының үздік мектептеріндегідей білім алуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелер бар, оның ішінде педагогтардың құзыреттілігін арттыру. Бұл мәселеде біз әлемнің жетекші елдерінің озық тәжірибесін пайдалануға ниеттіміз», - деп атап өтті облыс әкімі.

Сингапур мұғалімдер кәсіподағының Бас хатшысы Майк Тируман, сингапурлік MentorEd International компаниясының директоры Лилия Мухаметшина ақтөбелік педагогтардің біліктілік деңгейіне жоғары баға беріп, оқыту курсының негізгі бағыттары туралы айтып берді.

Төрт күн бойы мамандар зияткерлік көшбасшылықтың, оқушыларды өз бетінше оқытудың жаңа әдістерімен бөліседі, мұғалімдердің әдістемелік әлеуетін ашуға көмектеседі.

Ералы Тоғжанов тренинг өткізіліп жатқан «Kemel Bilim» мектеп-лицейіне барды.

Оқуға мектеп, колледж директорлары мен мұғалімдері, соның ішінде аудандардан келген мұғалімдер шақырылған. Барлығы 85 адам қатысуда.

«Басты міндетіміз – оқытудың жаңа әдістемесін әзірлеу. Біз білім берудің жүйелі тәсілін қалыптастырып, балалардың сапалы білімге тең қолжеткізуін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл өз-өзіне сенімді, ауыл, өңір және тұтастай елдің дамуына септігін тигізетін адам тәрбиелеуге мүмкіндік береді», - деген облыс әкімі, Сингапур тәжірибесін ескере отырып, білім беру жобасын әзірлеу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Облыс әкімі менторларға табыс тілеп, жемісті ынтымақтастықтың одан әрі нығаятынына сенім білдірді.

EL.KZ
Бөлісу: