Ақтөбеде көмек сұраған әйелдің қоңырауын елемеген 112 қызметкері сотталды

18 Қыркүйек, 10:06 988

Ақтөбе қалалық сотында "салғырттық" бабымен айыпталған 112 қызметкеріне қатысты іс қаралып, көмек сұрап хабарласқан әйелге көмектеспеген қызметкер сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сот жәбірленуші өкілінің сотталушыдан 300 мың теңге көлеміндегі материалдық және 5 млн теңге көлеміндегі моральдық шығындарды өндіру туралы талабын қанағатандырмады.

Әділ Қалидолла қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жәбірленушінің материалдық, моральдық зиянды өндіру туралы азаматтық талап арызы қараусыз қалдырылсын, – делінген сот үкімінде.

Сонымен қатар, сот Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаментінің басшысына да жеке қаулы шығарды. ТЖ қызметкерінің салғырттығына байланысты заңбұзушылыққа назар аударуды, олардың алдын алу мақсатында жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Сот барысында филологиялық сараптамаға ерекше назар аударылды. Соттың мәліметінше, жәбірленушіден келіп түскен хабарламада расында да өлтіріп жатқаны және денсаулығына қауіп төніп тұрғаны сөздердің мағынасымен дәлелденген.

Іс материалдарына сүйенсек, оқиға 2024 жылы 9 маусым күні сағат 12:18 уақытында тіркелді.

Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісінің көмекшісі қоңырауды қабылдаған. Бірақ қоңырауды елемей, ішкі істер органдарының жасақтарын қылмыс орнына жұмылдыруға бағытталған шұғыл әрекеттер жасамағаны айтылады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: