16.06.2024
08:37
1339
Ақтөбеде көлігін сатуға кеткен әйелдің мәйіті табылды

Ақтөбеде көлігін сатуға кеткен әйелдің мәйіті табылды

Ақтөбе қаласында базарға көлігін сатуға апарған келіншекті өлтіріп кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
 
Облыстық полиция депаратаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 9 маусымда 55 жастағы әйел өз көлігін сату үшін автокөлік базарына барған. Бірақ үйіне қайтып келмей қалған соң туыстары бірден полицияға хабар берген.
Бұл хабарлама бойынша жеке құрам шұғыл көтеріліп, жедел-іздестіру шаралары ұйымдастырылды. Күдікті ізін суытпай ұсталды. Оның тұрғылықты жерінің гаражынан ұрланған автокөлік тәркіленді. Ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, - дейді полицейлер.
Ал хабар-ошарсыз кеткен әйелдің мәйіті қала маңынан табылды. Оның денесінде зорлық-зомбылықпен өлтіру белгілері бар.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 99, 192-баптары (кісі өлтірумен ұштасқан қарақшылық шабуыл) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.