Ақтөбеде ерлі-зайыптыларды қағып өлтірген полицей сотталды

Кеше, 13:23 569

Ақтөбеде велосипедпен кетіп бара жатқан ерлі-зайыптыларды өз көлігімен қағып, оқиға орнынан бой тасалаған полиция қызметкеріне екі бап бойынша үкім шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында экс-полицейге үкім оқылды. Сотталушы экс-полиция қызметкері А.С. 34 жаста, №4 қалалық полиция бөлімінде жедел уәкіл болған. 

Сот мәліметінше, айыпталушы экс-полицей түнде велосипедпен үйіне қайтып келе жатқан ерлі-зайыптыны қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 347-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша айыпталды.

Қылмыстық кодекстің 345 және 347-баптары бойынша іс сотқа түсті. А.С. айыпты деп танылып, 9 жыл бас бостандығынан және өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде жазасын өтеу тағайындалды.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 23 шілдеде болған. Салдарынан 25 және 26 жастағы ерлі-зайыптылар оқиға орнында көз жұмды.  Олардың артында 4 және 3 жастағы екі бала қалды.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: