Ақтөбеде Домбыра күнінде бір мезетте 1500 адам күй тартты

7 Шілде, 23:19 1883

Ақтөбеде Домбыра күнінде бір мезетте 1500 адам күй тартты. Ұлттық домбыра күніне арналған мәдени шара «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов ақтөбеліктерді мерекемен құттықтады. Ол құттықтау сөзінде мерекенің маңыздылығын, сондай-ақ, Ақтөбе өңірінен шыққан танымал тұлғалардың қазақтың домбырасын әлемге қалай танытып жүргенін тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Домбыра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуға тиіс» - деп атап өткен болатын.  Біздің Ұлы жерлесіміз, композитор Ахмет Жұбанов «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айтпаған. Өңірімізден шыққан танымал күй тарландары Қамбар Медетов, Хабидолла Тастанов, Абдулхамит Райымбергенов, Тұрар Әліпбаев, Жайлаубай Асылханов, Нұрболат Жанаманов домбыраны ұлықтап, қазақ күй өнерін дамытуда еңбектері елімізге мәлім. Қазақтың мәдениетін баршаға кеңінен танытып жүрген мақтанышымыз Димаш Құдайберген Ұлттық аспабымыз домбыраны да күллі әлемге танытуда, - деді Ғалымжан Елеуов.

Шараға қатысқан 1500 домбырашы «Ұлттық домбыра күні» деген жазуы бар бірдей жейде киіп, күмбірлете тартылған әрбір күйді көркемдей түсті. Құрманғазының «Балбырауыны», «Еркесылқымы», «Сарыарқа» күйлерін домбырашылар бір мезетте орындады.

Сахна төрінде Ақтөбенің тумасы, белгілі күйші Тұрар Әліпбай су тасқынынан зардап шеккен барша жерлеске арнап, шығарған «Тасқын» күйін шертіп, көптің ықыласына бөленді.

Ақын Қадыр Мырза Әлінің «Домбыра» туралы өлеңі оқылып, 60 биші қыз «Домбыра» хореографиялық композициясымен мерекелік кешті түйіндеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: