Ақтөбеде бұрынғы әйелі мен балаларын ұрып-соққан азамат сотталды

23 Қараша, 10:22 422

Полицияның жедел әрекеттерінің нәтижесінде қылмыстық теріс қылық жасаған ер адам қылмыстық жазаға тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқиға Ақтөбе қаласында болған. Қала тұрғыны бұрынғы әйелі мен балаларына алкогольдік масаң күйде барып, жанжал шығарып, көшеде кәмелетке толмаған ұлдарына тиісіп, қол жұмсаған.

Балаларын бұл жерден дереу алып кетуге тырысқан анасын қуып жетіп, қасақана ниетпен әйелге бірнеше соққы жасаған. Бұл дерек бойынша Ақтөбе қаласының полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 109-1-бабымен дереу қылмыстық іс қозғап, күдіктіні уақытша ұстау изоляторына қамады. Тиісті сараптамалар тағайындалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізілді.

21 қарашада осы іс бойынша сот үкімі шықты. Екі немесе одан да көп адамды және кәмелетке толмағандарды ұрып-соққаны үшін сот үкімі бойынша ер адам 45 тәулікке қамауға алынды. Сонымен қатар оған ерекше талаптар белгіленіп, алкоголь және есірткі өнімдерін қолданбау, сондай-ақ ішкі істер органдарына айына үш рет келуге міндеттелді.

Бұған қоса, сотталушының бір жыл мерзімге жәбірленушімен кез келген байланысына тыйым салынды. Сот үкімі заңды күшіне әлі енген жоқ. Естеріңізге сала кетейік, 15 сәуірде Мемлекет басшысы денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін, сондай-ақ ұрып-соғу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған заңға қол қойды.


Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: