Ақтөбеде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Мерекелік шара облыс орталығындағы Өнер орталығы ғимаратында өтті. Шақырылғандардың қатарында еңбек ардагерлері, кәсіпкер әйелдер, мемлекеттік қызметшілер, денсаулық сақтау, білім беру, коммуналдық құрылымдар, зауыттар, цехтар және тағы да басқа салаларда жұмыс істейтін нәзікжандылар бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән беретінін атап өтті. Бүгінде әйелдер қауымының қоғам өміріндегі және демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі ерекше. Саясатта, бизнесте және экономиканың барлық секторында ер-азаматтармен қатар иық тіресіп, еңбекке белсене араласып жүрген нәзік жандылар аз емес. Оған дәлел, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда барлығы 205 депутат болса, оның ішінде 48 депутат – әйелдер. Ал облысымыздың мемлекеттік қызмет саласында 238 азаматша басшылық қызметте еңбек етіп жүр. 2023 жылдан бері бүгінге «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлерінің саны 900-ге жеткен. Бұл дегеніміз әйелдер еліміздің демографиясының өсуіне қомақты үлес қосып жатыр деген сөз. Еліміздің өркендеуі жолында аянбай қызмет етіп жүргендеріңіз үшін баршаңызға өз ризашылығымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін, - деді өңір басшысы мерекелік құттықтауында.
Шара барысында аймақ басшысы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкері Валентина Радченко, «Ақтөбе облысының мүгедектер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлмирам Сражова мен «Сенім-clinic» медицина орталығының директоры Гүлсім Тәңірбергеноваға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін табыс етті. Төрт әйел «Құрмет грамотасына», 14 адамға облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.