Ақтөбеде Амангелді Айталы тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды

Бүгiн, 06:30 194

Ақтөбеде ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталыға арналып, оның тұрған үйінде ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан қатысып, белгілі ғалымды еске алды. Ол марқұмның жары Гүлжан Сүйінбайқызына және отбасына ғалым еңбектерінің зерттелуіне және дәріптелуіне өңір әкімдігінің әрдайым қолдау білдіретіндігін жеткізді.  Осы шараға атсалысқан ел азаматтарына алғысын білдірді. 

Осыдан 3-4 жыл бұрын Амангелді Әбдірахманұлы «Түйетөбенің» басында сөйлеген сөзінде: «Жалпы, азаматты еске алу, тек қана жылап-сықтау емес, оның елге деген махаббатын, сіңірген еңбегін дәріптеу, бағалау» деп атап өткен еді. Бұл ескерткіш тақта – болашақ ұрпаққа Амангелді Айталыны тануға, білуге және ұмытпауына себепкер болады деп ойлаймын, - деді ол.

Ескерткіш тақтаны философия ғылымдарының докторы, профессор Бекежан Ахан мен Амангелді Әбдірахманұлының немересі Ақсұңқар ашты. Жиынға сондай-ақ, ішкі саясат және мәдениет басқармасының өкілдері, ақсақалдар, Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университет ғалымдары қатысты. 

Елдің мәдениеті мен ғылымының дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер Амангелді Әбдірахманұлы 1939 жылы 10 қыркүйекте Астрахан облысы Володар ауданы Болдырево ауылында дүниеге келген. 

1959-1964 жылдары Атырау мемлекеттік педагогикалық инситутын, 1964-1967 жылдары бұрынғы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік иниститутының аспирантурасын тәмамдаған. Еңбек жолын 1959 жылы Марфин ауданы Қызылтаң ауылының мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастаған. Өзінің саналы ғұмырында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде доцент, профессор және басшылық қызметтерді атқарған. 1999-2007 жылдары екі мәрте Парламент мәжілісінің депутаты,  2007-2010 жылдары Астана қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры, 2010 жылдан Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, «Білім мен тәрбиенің дүниетанымдылық әлеуметтік мәселелерін зерттеу» орталығының жетекшісі қызметін атқарып келді. 

Профессор Амангелді Айталы «Құрмет белгісі» (1986), «Парасат» (2001), III дәрежелі «Барыс» (2015), II дәрежелі «Барыс» (2021) ордендерімен, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазақстан білім беру ісінің үздігі медальдарымен марапатталған. Ақтөбе облысының және Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы.

Асқар Таудай
Бөлісу: