Ақтөбеде 7 үндістандық азамат шекарадан транзитпен кесіп өтпек болған

28 Қыркүйек 2023, 05:20 724

Ақтөбеде шекарадан транзитпен кесіп өтпек болған 7 үндістандық азамат анықталды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Ақтөбе облысы ПД көші-қон қызметі басқармасы ҰҚК шекара қызметі департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жедел іс-шаралар барысында Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын транзитпен заңсыз кесіп өткісі келген 7 Үндістан азаматын анықтады.

Алдын алу іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуын уақытылы болдырмауға мүмкіндік туды.

Тексеру барысында Үндістан азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында көші-қон заңнамасын бұза отырып болғандығы анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігі (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды.

Осы факті бойынша Ақтөбе қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Қазақстан Республикасы шегінен тыс жерге шығарып жіберу түріндегі әкімшілік жаза тағайындау туралы қаулы шығарды.

Жоғарыда аталған шетелдіктер әрі қарай еліне жіберу үшін Алматы қаласына бақылаумен жөнелтілді.

Перизат Саденова
Бөлісу: