«Ақтөбе-Қарабұтақ- Ұлғайсын» автожолындағы қазіргі ахуал қандай

10 Ақпан, 19:10 939

4 ақпаннан бастап Ақтөбе облысында тұрақсыз ауа райы сақталуда. Қалың жауған қар мен секундына 30 метр жылдамдықпен соққан желдің соңы боранға ұласты, салдарынан автожолдарда көрініс шектеліп, халық әбден әбігерге түсті, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі. 

Жолшылар күшейтілген режимде жұмыс тәртібіне көшті.

Дегенмен, жолды қардан тазалауда келесідей факторлар өз кедергісін келтірді: жүргізушілердің ауыр жүк көліктерін жолда қалдырып кеткендігі, шет ел азаматтарының көліктері біздің климатқа бейімделмегендігі және тәжірбиесі аз жүргізушілер. Бұл аталған факторлар жолда кептеліс тудыруға себеп болды.

Бүгін таңғы сағат 8.00-ден бастап Ақтөбе қаласынан Хромтау қаласына дейін колонна түрінде жеңіл көліктерге қозғалыс ашылды. Хромтаудан Ақтөбеге дейін жүк көліктің қозғалысына рұқсат берілді. Жол қардан тазаланса да, жолда бұзылып тұрған көліктердің қарасы көп. Сондықтан көліктерді сүйемелдеумен жеткізу туралы шешім қабылданды.

ҚазАвтоЖол қызметкерлері тарапынан барлық қажетті көмек уақытылы ұйымдастырылуда. Жолда қар құрсауында қалған көліктерді алып шығып, сынып қалғандарын тартып сүйреп, қажет болған жағдайда жылы бокстерге жеткізуде.

Жол бойында тұрған барлық ауыр көліктер жолдан алынғаннан кейін екі бағытта да қозғалыс қайта жанданатын болады.

Республикалық маңызы бар үшінші санаттағы, екі жолақты «Ақтөбе-Қарабұтақ- Ұлғайсын» күре жолының жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайды. Аталған учаске ақылы болып есептелмейді.

Қазіргі таңда 28-30 бірлік техника 24/7 тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуде. Қосымша арнайы техника да тартылуда.

Қозғалыс толық жанданғанша жолды тазалау жұмыстары күшейтілген режимде жүреді.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: